Жайық өзенінің жағасына бес жаңа жаттығу құрылғылары орнатылды, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникация қызметі.
"Спорт аялдамалары" "Атырау Ақпарат", орталық дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен облыстық əкімдік маңындағы жағалаулардан орын алды.
Облыстық дене тəрбиесі жəне спорт басқармасының басшысы Азамат Бекеттің айтуынша, саламатты өмір салтын насихаттайтын мұндай құрылғылар Еуропа елдерінде қолданысқа ие.
Құрылғылар жүгірумен айналысатын қала тұрғындарына арналған. Сол жерде аялдап, жаттығу құрылғыларын пайдалана алады.
"Бұл басы ғана. Егер халық арасында сұранысқа ие болса, тағы да орнатамыз. Қала кəсіпкерлері мемлекет басшысының "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" мақаласына белсенді үн қосты, осындай құрылғылар орнатуға бастама көтерді",- дейді Азамат Бекет.
Жаттығу құрылғылары өте ыңғайлы жəне ықшам жасалған. Бір құрылғының өзінде турник, қоссырық, швед қабырғасы, керме сынды бірнеше тетік бар. Спорттық құрылғыда əлеуметтік жарнама орнатылатын қалқан да бар.
Еске салайық, 2013 жылы Атырауда 30-дан астам бұзуға төзімді спорттық жаттығу құрылғылары орнатылған еді. Қазір олар балалар мен жасөспірімдер арасында да, үлкендер арасында да кең қолданысқа ие.