Кеше Балықшы ықшам ауданындағы жаңа жылу энергетикалық кешенінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болып қайтты. Өңір басшысы тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тексеріп, бірқатар нақты тапсырмалар берді, деп хабарлады Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қалалық құрылыс бөлімінің ақпараты бойынша, орталық жылу жүйесіне барлығы 53 үй қосылады, онда 2500 пәтер бар. Атырау қаласы Балықшы ықшам ауданындағы кварталішілік жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау шеңберінде жалпы ұзындығы 8 шақырым жер үсті магистральдық құбыры жүргізілді. Жылу желілері трассасының жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрайды.
"Қазіргі таңда ықшам ауданның 36 тұрғын үйіне жылу берілді, барлық 53 үйді толық қосуды 20 қазанға дейін аяқтау жоспарлануда", - деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев.
Жобалық - сметалық құжаттамаға сәйкес Балықшыдағы үйлер ЖЭО-ға тәуелді схема бойынша жылытумен және ықшам ауданның тарихында алғаш рет ыстық сумен қамтамасыз етілетін болады. Магистральдық жылу трассасы мен жылу пунктінің құрылысымен "Арал Сервис" ЖШС, кварталішілік жылу трассасы құрылысымен – "Гранд Мастер" ЖШС айналысты. Жоба 90% жергілікті бюджеттен және 10% республикалық бюджеттен қаржыландырылды.
"Бүгінгі таңда жоба аяқталды, ол үш бөліктен тұрды, бірінші бөлім - магистральдық жылу желілері, екінші бөлім - орталық жылу пункті және соңғы тармақ. Бүгінгі күні орталық жылу пунктінің қуаты 15 мегаватт - ыстық суға, 15 мегаватт-жылуға, жалпы 30 мегаватты құрайды. Үш жобаның жалпы құны - 3, 3 млрд" теңге, - деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тимур Басаров.