Атыраудағы емханалар жабылады деген жалған ақпарат болып шықты

971

Атырау облысындағы коронавирус жұқтырғандар жөнінде жаңа деректер анықталуда.  

Атыраудағы емханалар жабылады деген жалған ақпарат болып шықты

Қазіргі таңда олармен қарым-қатынаста болған жалпы саны 15 адам анықталып, оқшауланды. Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, Нұр-Сұлтан қаласынан 21 наурызда Атырауға келген бірінші науқастан арада бес күн өткенде ЖРВИ белгілері болуына байланысты сынама алынып, инфекция жұқтырғаны анықталған. Науқас Атырауға келместен бұрын Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің коронавирус қаупінің үш санаты туралы қаулысы күшіне енген болатын. Бұл хаттама бойынша ішкі рейстермен келетін азаматтар тексеруден өтпейді. Атырауға келген азамат сырқаттануына байланысты емханаға қаралған. Онымен араласқан отбасындағы бес адам тегіс бақылауға алынды, науқас басқа кісілермен араласпағанын айтады. Олар он төрт  күн бойына лопинавир, ритонавир секілді вирусқа қарсы дәрі-дәрмекпен емделіп, тәулігіне екі рет қантамырмен екпе алады.

Сонымен қатар, Атырау облысында фармацевтикалық орталықтар қарқынды жұмыс жасауда,  қазіргі таңда 140 адам үй жағдайында оқшауланған. Бүгінде облыста екі фармацевтикалық орталық бар.  Біреуі – Атырау қаласында, екіншісі – Махамбет ауданында орналасқан, орталықтардағы  орындар саны – 200. Аталмыш орталық – коронавирустық инфекцияны диагностикалауға, кейіннен расталған коронавирустық инфекцияны тіркеуге алып, емдеуге бағытталған.

Тағы бір дерек, Атырауда COVID – 19 жұқтырғандардан анализ алған төрт медбике де оқшауланды. Олар – № 2 емхананың екі және №3 емхананың екі медқызметкері. Олардан алынған тест нәтижесі әлі шықпаған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қалалық емханалар карантинге жабылатындығы жөніндегі ақпарат жалған ақпарат екендігін ресми түрде  хабарлайды. Жалған ақпарат таратушылар әкімшілік немесе қылмыстық жазаға тартылатын болады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу