Атыраудағы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің басшысы ауысты

3106

Жаңа төраға – Гүлмира Жұмағалиева. 

Атыраудағы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің басшысы ауысты

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің басшысы тағайындалды. Бұл қызметке "ПЦН Кузет" ЖШС бас директоры Гүлмира Жұмағалиева келді, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі. 

Оның кандидатурасы Өңірлік кеңес мүшелерінің ортақ шешімімен мақұлданған. Ал бұған дейінгі облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы болған Әділ Жұбанов өз өтінішмен қызметінен кеткен. 

Гүлмира Жұмағалиева Атырау облысының тумасы, психология, экономика, заңгерлік, іскерлік әкімшіліктендіру магистрі мамандықтары бойынша жоғары білім алған.  2000 жылдан бастап күзет қызметінде жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Қазіргі таңда "ПЦН КҮЗЕТ" ЖШС құрылтайшысы, бас директоры, "Атырау қаласының күзет ұйымдары" қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, "Қауіпсіздіктің кешенді жүйелер" ЖШС қаржылық кеңесшісі болып қызмет атқарады. Кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар сертификаттар мен алғысхаттармен марапатталған. 

"Мен Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мүшелеріне маған көрсетілген сенім үшін алғыс айтқым келеді. Мен бірнеше жылдан бері өңірлік кеңес, іскер әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде  "Атамекен" ҰКП жүйесінде қызмет атқарып келемін. Әлия Бекқужиева, Нұрлы Әйтиева, Әділ Жұбанов сияқты тәжірибелі тәлімгерлердің қасында болып, олардан көп нәрсе үйрендім. Өзіме артылған сенімді ақтауға барлық күш-жігерімді жұмсауға уәде беремін", – дейді палатаның жаңа төрайымы.

Өңірлік кеңес мүшелері мен облыстық кәсіпкерлер палатасының дирекциясы Әділ Жұбановқа атқарылған жұмысы үшін ризашылықтарын білдіріп, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу