Атыраудағы Құлсары қаласынан 4,3 млн текше метр тасқын су сорылды

241

3878 тұрғыннан бір реттік әлеуметтік көмек алуға өтініш түскен.

Атыраудағы Құлсары қаласынан 4,3 млн текше метр тасқын су сорылды Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облысындағы Құлсары қаласынан 4,3 млн текше метр тасқын су сорылды. Тасқын судың зардабын жою жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі. 

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Құлсары қаласында тасқын судың зардабын жою жұмысы жалғасып жатыр. Осы кезге дейін 4 млн 300 мыңға жуық текше метр су сорылған. Ал Жылыой ауданы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, тасқын судан жеке иеліктегі 2920 және көпқабатты 19 үйге зақым келген. Соған байланысты 3878 тұрғыннан бір реттік әлеуметтік көмек алуға өтініш түскен. Қазір 3591 өтініштің иесіне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік көмек берілді.

"Құлсары қаласында 18 сәуірде су басқан нысандарды дезинфекциялау қолға алынды. Сол күннен 4 мамырға дейін 2033 жеке иеліктегі, 11 көппәтерлі үй, 28 әлеуметтік, 60 әкімшілік және кәсіпкерлік нысанға дезинфекциялау жұмысы жүргізілді. Осы кезеңде 318 қой-ешкі, 9 мүйізді ірі қара, 3 түйе, 528 тауық, 55 ит өлексесі жойылды", - деп хабарлады аудандық әкімдіктен.

Тұрғындардан шығынды өтеуге қатысты 2818 өтініш қабылданып отыр. Сондай-ақ, тұрғындар 24 сәуір-4 мамыр аралығында 695 қой-ешкі, 102 сиыр, 54 жылқы, 32 түйе, 543 тауық жоғалғаны жөнінде өтініш берген.

Еске сала кетелік, бұған дейін Серік Шәпкенов Құлсарыдағы су басқан үйлерді бағалауды екі аптада аяқтауды тапсырған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу