Атыраудағы Құрылыс ауылының тұрғындары 5 жыл бұрын ішімдіктен бас тартқан

282

Ауылда қауіпсіздік деңгейі артып отыр.

Атыраудағы Құрылыс ауылының тұрғындары 5 жыл бұрын ішімдіктен бас тартқан Фото: El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Бұл – тұрғындардың бастамасымен қолға алынған іс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құрылыс ауылы Индер ауданынан Атырау қаласына қатынайтын жолдың бойында орналасқан.

Ауылдың учаскелік инспекторы Исатай Жасталапұлының айтуынша, мұнда 113 үй бар, тұрғындар саны – 700 адам.

– Ауыл тұрғындары соңғы 5 жылдан бері алкогольдік ішімдіктерден бас тартты. Содан бері тұрғындардың бастамасымен дүкендерде ішімдік сатуға тыйым салынды. Саламатты өмір салтын ұстану бағытындағы бұл қадамның нәтижесінде мас күйде жасалатын құқық бұзушылықтар мен бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ, – дейді Исатай Жасталапұлы. 

Инспектордың айтуына қарағанда, ішімдіктен бас тарту ауылдағы қоғамдық тәртіпті сақтауға айтарлықтай ықпал еткен.

– Ересектер де, жастар да алкогольдік ішімдік өнімдерін тұтынбайды. Сол себептен, құқық бұзушылықтың тіркелмеуіне ықпал етеді. Бұл – ауыл ақсақалдарының тәрбиесі мен жастардың ұйымшылдығының жемісі. Тіпті отбасылық-тұрмыстық жанжалдар да болмайды. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады, – дейді ол.

Оның пікірінше, Құрылыс ауылындағы азық-түлік дүкендерінің иелері денсаулыққа зиянды өнімдерді сатудан бас тартқанына өкінбейді. Керісінше, ауыл тұрғындарының бастамасына қолдау білдіріп отыр. 

– Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы маңызды рөл атқарады. Қандай да бір мәселе туындаса, оның себебін уақтылы анықтау үшін тұрғындармен тығыз байланыс орнаттым. Олар әрдайым көмектеседі, – деп мәлім етті учаскелік инспектор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу