Атыраудағы құрылыстың сапасы көңіл көншітпейді

908

Мұнайды аймақта құрылыс қарқынды.  

Атыраудағы құрылыстың сапасы көңіл көншітпейді

Атырау облысында салынып жатқан құрылыс нысандары көп. Алайда, олардың сапасыз салынатыны және белгіленген уақытында тапсырылмайтыны проблемаға айналып тұр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Зайнолла Маненовтің айтуынша, өткен жылы бюджет қаражаты есебінен 27 нысан, демеушілік арқылы 13 нысан пайдалануға берілген.

"Оның ішінде білім саласы бойынша 1130 орындық 4 балабақша, 300 орындық бір мектеп, кітапхана, жастар сарайы, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясына 250 орынды жапсаржай құрылысы, 860 орындық 7 жатақхана бар. Оған қоса, Индер ауданы Алғабас-Жорық каналын реконструкцияланып, Құрсай өзені абаттандырылып, Мақат  ауданның Мақат поселкісіндегі өнімділігі тәулігіне 3000 текше метр кәрізді тазартқыш ғимараты пайдалануға берілді", - деді З.Маненов.

Сонымен қатар, басқарма басшысының міндетін атқарушы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарына тоқталды. "Бюджет қаражаты есебінен облыста жалпы ауданы 280,5 мың шаршы метр 3164 пәтерлі 51 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде жыл соңына дейін жалпы ауданы 174,3 мың шаршы метр 1944 пәтерлі 25 көпқабатты үйді беру жоспарлануда", - деді ол. Сондай-ақ, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы 9 балабақша, 9 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде екен. Оған қоса денсаулық сақтау саласында 7, мәдениет бойынша 3 нысанның құрылысы салынуда. Бұдан басқа, 24 нысанның құрылысы бойынша жобалар аяқталса, 13 спорт нысанының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде екенін атап өтті.

Құрылыс саласында осындай қарқын байқалғанмен облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов кейбір нысандардың сапасыз сапасы төмен екендігін сынға алып, олқылықтарға жол берген жауапты тұлғаларға қатаң ескерту жасады. "Уақытылы тапсырылмаған нысандардың мерзімінде орындалуын қадағалау керек. Апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер мен жатақханаларды кезең-кезеңімен жою бойынша қажетті шаралар қабылдаңыздар", - деп тапсырды аймақ басшысы. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу