Атыраудағы мотоцикл иелері дау шығарды

1363

Облыста оларға категория бермейді, бірақ айыппұл салады.

Атыраудағы мотоцикл иелері дау шығарды

Атырауда полицейлер мотоциклдерге байланысты рейд жүргізіп, үш көліктің иесіне тиесілі құжаты болмағандықтан айыппұл салып, көліктерін тұраққа қойған. Бұған жергілікті мотоқұмарлар филалы қауымдастығы қарсы болып, дау шығарды. Себебі, оларға қажетті "А" және "А1" категориялары облыста берілмейді екен, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі. .

Белгілі болғандай, ПД рейді сәуір айының 18-нен 19-на қараған түні жүргізілген.

Ауа райының жылынуына байланысты мотокөліктермен жасалатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында, патрульдік полиция қызметкерлері жүргізген рейдтік іс-шара кезінде жол жүрісі ережесін бұзған 3 мотоцикл анықталып, оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, мотоциклдер арнаулы тұраққа қойылды.

"18 сәуір күні сағат 23:05 шамасында "Ретро” парк тұсында патрульдік полиция қызметкерлері "YAMAHA R6" маркалы мотоциклын тоқтатып, оның 31 жастағы жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590 бабының 2 бөлігімен (көлік құралын мемлекеттік белгісі жоқ күйде басқарғаны үшін) және ҚР ӘҚБтК-нің 612 бабының 2 бөлігімен (көлік құралын жүргізуге құқығы (санаты) жоқ адамның басқаруы) әкімшілік хаттаммалар толтырылып, 87 510 теңге көлемінде айыппұл салынып, мотоцикл арнаулы тұраққа қойылды", – деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Дәл осындай шара 19 сәуір күні тағы бір мотоцикл жүргізушісіне қатысты қолданылған. Ол да 90 мың теңгеге жуық айыппұл арқалап кеткен.

Дегенмен, мотокөлік иелерінің де  реніші бар болып шықты. Себебі, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Атырау облыстық филиалы мамандандырылған ХҚО-да мотоцикл көлігі жоқ болғандықтан, олар қажетті санатқа емтихан тапсырып, құжат ала алмайды екен.

"А және А1 санаты бойынша қызмет алушыларды тәжірибелік емтихан және жүргізушілік дағдыларына үйрету үшін  екі мотоцикл сатып алуға жұмыстанып жатырмыз. Көліктерді сатып алу және Атырауға жеткізу мерзімі мемлекеттік сатып алулар ережесіне сай жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алулар жұмыстары аяқталып, 2 мотоцикл Атырауға  жеткізілген соң, клиенттеріміз қажетті санаттар бойынша оқудан өте алады. Оған дейін, егер мүмкіндіктері болса, тұрғындар бұл қызметті еліміздің басқа қалаларындағы автоХҚОлардан ала алады, - дейді мекеменің қоғаммен байланыс менеджері Бекжан Ахметов.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу