Атыраудағы Оңай ата қорымы қолға алынбақ

1724

Киелі орыннан асхана, эстакада, әжетханалар көшіріледі.  

  Атыраудағы Оңай ата қорымы қолға алынбақ

Атырау облысындағы Оңай ата қорымының маңы қалыпқа келмек. Қасиетті орын уақыт өте өткен-кеткендер тамақ ішетін, дәрет алатын жерге айналып, берекеті әбден кеткен болатын, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Оңай ата қорымы – Атырау-Құлсары трассасының бойында, Доссор кентіне жақын орналасқан. Халық тәу етіп баратын жердің қадірі қаша бастағаны жөнінде жергілікті тұрғындар бұған дейін бірнеше рет шағымданған еді. Әдетте күре жол бойымен өтетін көліктер өте көп, олар  тоқтаған кезде біреулері Оңай атаның басына барып, құран бағыштап жатса, біреулері мұнда тамақтану немесе әжетханаға барып, қажетін өтеу үшін ғана келеді. Ал эстакадаға аялдаған көліктерден шыққан май мен түтін исі қолқаны қабуға айналған. Бұл мәселені көтерген Мақат аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов пен аудандық мәслихат депутаттары облыс әкіміне хат жолдап, араласуын сұрайды.

Белгілі болғандай, бұрын Оңай ата қорымы Қызылқоға ауданына қараған. Аталған аудан әкімі киелі жерлер санатындағы орында кәсіпкерлік нысандарын салуға рұқсат берген. Енді Қызылқоға ауданының аумағына кіретін 415 мың гектар жер телімі, соның ішінде, сөз болып отырған қорым аумағы да Мақат ауданына қосылып отыр. Соған байланысты аудан әкімі Шәкір Кейкин бастаған жұмысшы топ Оңай ата басында болып, ұрпақтарымен кездесіп, мән-жайға қанықты. Сөйтіп, бұл жерден тамақтану орны, қора-қопсы, әжетханалар басқа жерге көшірілетін болды. Ал көлік жөндейтін эстакада бұзылып, орны тазаланбақ. Қазіргі күні кәсіпкерлердің де бұл шешімге қарсылық білдірмей, қолдағаны белгілі болып отыр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу