"ҚазжолҒЗИ" мамандары Атырау қаласындағы ұзындығы 260 метр болатын Орталық көпірді кешенді тексеруге кірісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Зерттеу барысында көпірдің техникалық жағдайы бағаланып, геодезиялық өлшеулер жүргізіледі, бетонның беріктігі мен тірек бөліктерінің жай-күйі тексеріледі. Сонымен қатар нысанның ықтимал деформациялары анықталады.
Мамандар көпірдің цифрлық көшірмесін әзірлеп жатыр. Ол тексеру нәтижелерін біріктіріп, конструкциялардың жұмысын талдауға және әртүрлі жүктемелер кезіндегі жағдайын болжауға мүмкіндік береді.
"Орталық көпір қаланың көлік жүйесі үшін маңызды нысан болып саналады. Жергілікті атқарушы органдардың оны кешенді тексеру туралы шешімі мұндай құрылыстарды пайдалану ғылыми негізделген тәсілді қажет ететінін түсінетінін көрсетеді. Зерттеулер, сынақтар мен инженерлік есептеулер нысанның қазіргі жай-күйін объективті бағалауға және алдағы уақытта қабылдануы тиіс шараларды айқындауға мүмкіндік береді", – деді "ҚазжолҒЗИ" АҚ Көпір құрылыстары, автомобиль жолдарының диагностикасы және қауіпсіздігі департаментінің директоры Шалқар Қайсар.
Жұмыстың маңызды кезеңдерінің бірі – динамикалық сынақтар. Оның қорытындысы бойынша көпірдің әрі қарай қауіпсіз пайдаланылуына қатысты ұсынымдар әзірленеді.
Тексеру нәтижесінде "ҚазжолҒЗИ" Орталық көпірдің техникалық жай-күйі туралы қорытынды дайындайды.