Атыраудағы өртенген драма театр үш айда қалпына келтіріледі

1242

Драматеатрды қалпына келтіру жұмыстары өрттен кейін бірден басталған. 

Атыраудағы өртенген драма театр үш айда қалпына келтіріледі

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев  Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрын қалпына келтіру жұмысының барысын тексерді, деп хабарлайды  Интерфакс өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Театр ғимаратын аралап шыққан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өртке себеп болған электр тұстаманы күрделі жөндеу кезінде жаңартпаған театр басшылығын сынға алды. Облыс әкімі жағдайды жан-жақты саралап, кінәлілерге шара қолдануды тапсырды деп жазылған хабарламада.

Нұрлан Ноғаев мамандардың бағалауынша, үш ай ішінде жұмысты толығымен аяқтап шығуға болатынын айтты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, қазір нысанда 22 компания жұмыс істеп жатыр. Олар театрды өз қаражатына жөндейміз деп бастама көтерген болатын.                                                                                       

"Қазір театр ғимаратының шатыры, электр желілері мен сыртқы қасбетін қалпына келтіру, ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, 12 арнайы техника тартылып, 200-ден астам адам еңбек етуде. Театр ұжымы да тыс қалмай, қалпына келтіру жұмыстарына белсенді атсалысып жүр",- дейді Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.

Театр ғимараты жаңартылып, биыл мамыр айында ғана ашылған болатын. Қалпына келтіру жұмыстары барысында сахна жөнделіп, креслолар мен акустикалық жабын алмастырылды, көрермен залын жарықтандыру техникасы жаңарған.  

Еске салар болсақ, бейсенбі күні   драма театрдың электр тұстамасынан басталған өрт шатырға жайылған болатын. Өрттің жалпы аумағы шамамен 1,5 гектарды алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу