Атыраудағы рейд көлік тізгіндеген азаматтарды алаңдатып қойды

244

Желіде көліктерге жаппай тексеріс басталғанына қатысты ақпарат тарады.  

Атыраудағы рейд көлік тізгіндеген азаматтарды алаңдатып қойды Фото: бейнежазбадан

Атырауда жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтіліп, жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында үш өңірден келген қосымша күштер тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Желіде қаланың орталық көшелері патрульдік көліктерге толғаны туралы ақпарат тарады. Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі "Құқықбұзушылыққа тосқауыл" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталып, жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілгенін хабарлады. Белгілі болғандай, Атырауда кешенді және қосымша жұмылдырылған полиция күштерінің бірыңғай гарнизондық саптық байқауы өтті. 

"Өңірде ауқымды "Құқықбұзушылыққа тосқауыл" жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Іс-шара 21-23 мамыр аралығында өтеді. Шараға Астана қаласынан, Қарағанды және Қостанай облыстарынан келген қосымша күштер тартылды. Бұл іс-шара қандай да бір жеке жүргізушілер санатына немесе көлік иелеріне қарсы бағытталмаған. Профилактикалық шаралар жол қозғалысына қатысушылардың барлығына бірдей қатысты жүргізіледі – жергілікті тіркеудегі көлік иелеріне де, транзиттік және шетелдік нөмірлі көлік жүргізушілеріне де бірдей бақылау жасалады. Негізгі мақсат – жүргізушінің қандай көлікпен жүргеніне қарамастан, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтап, жолын кесу", – делінген жауапта.

Жеке құрамның күшейтілген режимде қызмет атқаруы құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттыруға және өңір аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Полиция қызметкерлері барлық жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан болатын жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына жедел әрекет етеді.

"Құқықбұзушылыққа тосқауыл" іс-шарасы жолдардағы құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге, азаматтардың құқықтық санасын арттыруға және қаладағы қауіпсіздікті қалыптастыруға бағытталған.

Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Құттыбай Садықов профилактикалық іс-шараларды өткізу барысында барлық бөлімшелердің үйлесімді әрекет етуі мен заңдылықтың қатаң сақталуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол полиция жұмысы тек заң аясында жүргізілетінін және өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.

Іс-шара барысында мас күйінде көлік басқару, жылдамдықты шамадан тыс асыру, басып озу және қиылыстан өту қағидаларын бұзу секілді жол қозғалысы ережелерінің бұзылуына, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзудың кез келген дерегіне жедел әрекет етуге ерекше назар аударылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу