Атыраудағы "СК-Фармация" қоймасы бос болып шықты

2744

Мекеме дәрі-дәрмек қорын көршілес қалада сақтайтынын, қолда барын таратып жібергенін айтқан.

Атыраудағы "СК-Фармация" қоймасы бос болып шықты

Атырауда облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұған дейін короновирус дертінің екінші толқынымен күресу үшін екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар екенін мәлімдеген болатын.

"Медициналық мекемелерде препарат жеткілікті. Жеке қорғаныш құралдары апта сайын үздіксіз жеткізіліп тұр. Коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан науқастар үшін амикацин, азитромицин, натрий гепарині, дексаметазон, дексамедетомидин, басқа да антибиотиктердің бірнеше түрі толып тұр", – деген басқарма бастығының міндетін атқарушы Асхан Байдуалиев. 

Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті, "Атырау – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі қызметкерлері және қоғам белсенділерінен құрылған жұмыс тобы жүргізген мониторинг бұл айтылғанды жоққа шығарды.

"СК-Фармация" мекемесінің қоймасында ешқандай дәрі-дәрмек, жеке қорғану құралдары болмай шықты. Филиал басшысы тексеру кезінде болмаған, ал өзін өзін "осы жердің өкілі" ретінде таныстырған қызметкер тиісті дәрі-дәрмектердің Ақтөбе облысында сақталып тұрғанын, ал қордағы барының медициналық мекемелерге бөлініп кеткенін жеткізеді. Сондай-ақ, менеджер Ақтөбеден қараша айында дәрі-дәрмектер келетінін айтқанмен, олардың атын атап, түсін түстеп те бере алмаған.

Тексеру барысында қалалық №7 және Геолог емханаларындағы, сондай-ақ,  облыстық кардиологиялық орталықтағы жағдай талапқа сай деп танылды, яғни оларға тіркелген тұрғындардың емдеу құралдары жетпей қалады деп алаңдауына негіз жоқ.

Дегенмен №3 емхананың дайындығы тексеру тобының көңілінен шықпады. Алдымен ғимаратқа кіреберістегі қызметкерлердің бетпердесіз жүргені таң қалдырды. Айтуларынша, "олар жаңа ғана таусылып қалған".

Сондай-ақ 4900 пациентті қамтитын емхана қорындағы кейбір дәрі-дәрмек жеткіліксіз болып шықты. Мәселен, мамандардың айтуынша, "Ксарелто" таблеткасы мен "Дексаметазонның" шамамен екі айға жеткілікті мөлшері 5000 дана болуы қажет. Мұндағы қоймада аталған дәрілердің небәрі 10 дана қорабы бар екен. Емхананың директоры Айман Өтегенова қалған дәрі-дәрмектің бірінші қабаттағы дәріханада барын айтқанмен, топ мүшелері қажетті дәрі-дәрмектің қорын әлі де толықтыру қажеттігін еске салды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу