Қайғылы оқиға Атырау облысының Ресей Федерациясымен шекарасындағы Құрманғазы ауданында болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі уақытта төбелестен 1 адамның қайтыс болғаны және 2 адамның әртүрлі жарақатпен аудандық орталық ауруханаға жеткізілгені жайлы ақпарат бар.
Атырау облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі жанжалдың Кудряшов селолық округінің аумағында орналасқан Жаңауыл елді мекенінде туындағанын хабарлады.
– Аталған ауылдағы жанжал кезінде 29 жастағы ер адамды өлтірген 30 жастағы күдікті ұсталып, қамауға алынды. Қазір адам өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері жанжалға байланысты кешенді тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Жанжал кезінде түрлі дене жарақатын алған 20 және 33 жастағы екі ер адам аудандық ауруханаға жеткізілді, – делінген ресми хабарламада.
Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тексеру жұмысы жүруде. Соңы адам өліміне ұласқан құқықбұзушылыққа қатысты 7 күдікті ұсталып, қамауға алынып отыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.