Бүгінде "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша Атыраудағы төрт банк ипотеканы субсидиялауға өтініш қабылдап жатыр. Олар: "Банк Центр Кредит", "АТФ Банк", "Сбербанк" және "Банк ВТБ". Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында "Қазақстан Ипотекалық компаниясы" Атырау аймақтық филиалының директоры Әлімжан Дабысов мәлімдеді, деп хабарлайды atpress.kz.
Оның айтуынша, банкке өтінішпен хабарласқан адам мынадай құжаттар тізбегін апаруы қажет:
- қарыз алушының жеке куәлгі;
- неке туралы немесе ажырасқаны туралы куәлігі;
- еңбекақысы туралы анықтама (соңғы 6 айға);
- сатып алатын тұрғын үйінің құқық орнатушы құжаттары;
- сатып алатын тұрғын үйді бағалау туралы есеп;
- сатып алатын тұрғын үйдің ауыртпалығы туралы анықтама.
Сондай-ақ, жуырда "Bank RBK" мен "Нұрбанк" да бағдарламаға қосылады деп жоспарлануда.
"Нұрлы жер" бағдарламасының негізгі артықшылығы – банкке төленетін сыйақы "Қазақстан Ипотекалық компаниясы" арқылы мемлекет қаражатымен өтеледі. Яғни, сыйақы мөлшерінің бөлігін субсидиялау арқылы қарыз алушының ай сайынғы төлемі 30-40 пайызға төмендейді. "Бұл стандартты ипотекамен салыстырғанда арзан. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша ипотеканы азаматтардың Қазақстанның кез келген қаласынан алуға мүмкіндігі бар. Оған пәтер кезегінде тұру немесе басқа тұрғын үйінің болуы маңызды емес", - дейді Әлімжан Дабысов.
Ипотеканың ең ұзақ мерзімі 15 жылды құрап отыр. Ал, өңірлердегі субсидиялаудың ең жоғары сомасы 15 млн теңге деп бағаланған.