Атырауда салтанатты түрде ашылған тутұғырдағы көк ту уақытша алынып тасталды. Белгілі болғандай, 91 метр биіктіктегі тутұғырға орнатылған 29х14,5 метр болатын ту ауа райының қолайсыздығына төтеп бере алмайды екен.
"Тутұғырдағы көк ту техникалық регламентке сәйкес, желдің жылдамдығы 8м/с болған жағдайда немесе ауа-райы қолайсыз (қар,нөсер жаңбыр) кезінде, ауа-райы қолайлы жағдайға дейін ту төменге түсіріледі. Атырау қаласында "Қазгидормет" мәліметі бойынша желдің жылдамдығы 7-12 м/сболған кезде ту түсірілді, алдағы уақытта ауа-райының қолайлы күндері туымыз қайтадан көтеріледі", - деп хабарлады қала әкімінің орынбасары Самат Емберген.
Айта кетейік,тутұғыр 2019 жылдың желтоқсан айында өндірістік ақау салдарынан құлап кетіп, кейін қайта жөнделген болатын.
"Басшылық дүлей желмен санасып отыр, ол да дұрыс шығар. Құрылысшылар 11 м/сек дейін желге кепілдік берген екен. Расында алып иненің құлағанын тағы көру мұрат емес шығар. Астанада да 8 м жылдамдықта байрақты түсіреді екен. Мәселе кезінде нысанның бойын тым асырмай, аласалау қып сызу керек пе еді? Және бюджетін 4 млрд.теңгеге емес, ойға сиятындай қылып жобалау керек еді", - деп сынайды қоғам белсендісі, эколог Арман Хайруллин.
Құралай Қуатова