Атыраудағы жоғалған отбасы: ерлі-зайыптылардың денесінен пышақ жарақаттары анықталған

148

Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында ерлі-зайыптылардың қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында марқұмдардың күйеубаласы Сұлтан Сарсемалиев халықаралық іздеуге жарияланды.  

Атыраудағы жоғалған отбасы: ерлі-зайыптылардың денесінен пышақ жарақаттары анықталған Фото: бейнежазбадан

Сонымен қатар полиция жәбірленушілердің қызы Ақбаян Мұқанғалиеваны да із-түзсіз жоғалу дерегі бойынша іздестіріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердаулет мәлімдеді. Оның айтуынша, халықаралық іздеу бағыттары тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.

– Іздестірудің нақты қай елдерде жүргізіліп жатқаны айтылмайды. Себебі кез келген ақпарат күдіктілерге жетіп, тергеу жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Халықаралық іздеу әлемнің барлық мемлекеттерін қамтиды, – деді ПД өкілі.

Қылмыскерлерді ұстауға бағытталған арнайы жедел топтар жұмыс істеп жатыр. Күдіктілер ұсталған жағдайда бұл туралы жәбірленушілердің туыстарына және бұқаралық ақпарат құралдарына қосымша хабарланатыны айтылды.

Полицияның мәліметінше, жәбірленушілерге тиесілі телефондар мен SIM-карталардың Қазақстанның әр өңірінде қосылғаны тіркелген. Осы деректер бойынша іздестіру шаралары жүргізілген. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Мейрамгүл Қарабалинаның денесі табылғаны туралы әртүрлі ақпарат тараған.

– Септик шұңқырларынан немесе басқа да орындардан табылды деген мәліметтердің барлығы шындыққа жанаспайды. Қазіргі уақытта полиция олардың соңғы бірнеше ай ішінде қала аумағында жүрген жерлерін анықтап, тексеру жұмыстарын жалғастырып жатыр, – деді Мейірім Ердаулет.

Полиция департаменті Мейрамгүл Қарабалинаның Атырау қаласындағы бейнебақылау камераларына түскенін растады. Алайда тергеу құпиясына байланысты нақты қай камералар және қандай әрекеттер тіркелгені жария етілмеді.

ПД өкілінің айтуынша, әлеуметтік желілерде марқұмдарды тұншықтырған немесе өзге жолмен зақым келтіргені жөнінде түрлі болжамдар тарағанымен, алдын ала мәлімет бойынша ерлі-зайыптылардың денесінен пышақ жарақаттары анықталған.

– Мүрделерде шаншып салынған жарақат іздері бар. Қазіргі уақытта олар сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижесі марқұмдарға нақты қандай жарақат салынғанын, өлімге қандай факторлар әсер еткенін және қашан қаза тапқанын анықтайды, – деді ол.

Сондай-ақ полиция бейнекамераларды зерделеу және жедел іс-шаралар нәтижесінде жәбірленушілердің шоттарындағы зейнетақы қаражатының қай жерде және кім арқылы алынғанын анықтаған.

Соңғы деректерге сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны 6 қаңтардан бері сөндірулі күйде. Қазіргі уақытта жәбірленушілерге тиесілі барлық телефондар мен SIM-карталар бойынша іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу