Атыраудағы Жылыой ауданында мұғалім мен дәрігер тапшы

1100

Мәселені шешу үшін жас мамандар шақырылып отыр.

Атыраудағы Жылыой ауданында мұғалім мен дәрігер тапшы

Атырау облысының Теңіз кеніші орналасқан өнеркәсіптік Жылыой ауданында мұғалім мен дәрігер қашан да қат мамандықтың қатарында саналып келді. Қазіргі күні бұл мәселе одан әрі өткір тұр.

Аудан әкімі Халал Жамаловтың айтуынша, қазіргі күні ауданда 24 мұғалімнің орны бос, соның ішінде, информатика және орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне қажеттілік үлкен. Сол сияқты, былтыр бастауыш сынып мұғалімі жетіспегендіктен үш сынып жабылған.

Қазіргі күні педагог тапшылығын жою мақсатында Атырау Мемлекеттік университеті сынды жоғары оқу орындарындағы "түлектер жәрмеңкесіне" қатысып, жас мамандарды тарту көзделіп отыр. Ауданда өткен жылы "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша 8 адам жұмысқа орналасты. 

Ал экологиялық ахуалы жағынан мониторинг қорытындысына сәйкес Атырау қаласының "алдына" шығып, аудан бойынша көш басында тұрған Жылыой ауданында 25 дәрігер жетіспейді. Атап айтқанда, 10 жалпы тәжірибелі дәрігер және гастроэнтеролог, инфекционист, реабилитолог, функционалдық диагностика, травматолог-ортопед, анестезиолог-реаниматолог, онколог, офтальмолог, фтизиатр, невропатолог, психиатр, сәулелі диагностика, клиникалық фармаколог, сарапшы дәрігерлер. 

"Дегенмен, проблема біртіндеп шешімін тауып келе жатқандай. Былтыр ауданға 13 маман келді. Олардың ішінде, эндокринолог, педиатр, эпидемиолог, терапевт, кардиолог, хирург, акушер-гинекологтар бар", - дейді аудан басшысы. 

Сол сияқты, оң жаңалықтың бірі - ауданда гемодиализ орталығының жұмыс жасай бастауы. Ауданда созылмалы бүйрек ақауы диагнозымен 23 науқас диспансерлік есепте тұр, оның 18-і гемодиализ қабылдайды. Сонымен қатар, туберкулездік аурухана ғимараты жанынан ашылған 40 керуеттік инфекциялық  стационар және Құлсары қаласы 9 учаске №160 үй мекен-жайында орналасқан уақытша ашылған 60 орындық провизорлық стационар жұмыс жасауда.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу