Атыраудан "Алтын сапаға" бес кәсіпорын қатыспақ

1015

Лауреаттар байқау эмблемасын төрт жыл пайдалана алады.  

Атыраудан "Алтын сапаға" бес кәсіпорын қатыспақ

Атырау облысында биыл бес кәсіпорын ҚР Президентінің "Алтын сапа" сыйлығына үміткер. Оған қатысатын бизнес нысандарының қызмет көрсету сапасын сарапшылар тобы анықтамақ, - деп жазды inbusiness тілшісі.

Белгілі болғандай, сыйлық шағын орта және ірі кәсіпкерлік нысандарына "өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын", "халыққа арналған тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын", "қызмет көрсететін үздік кәсіпорын", және "азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын" номинациялары бойынша берілмек. Одан бөлек, "Үздік индустриялық жоба" және "Үздік инновациялық жоба" арнайы сыйлықтарының иегері анықталады. Байқау лауреаттары дипломмен және қаржылай марапатталып, "Алтын сапа" байқауының эмблемасын төрт жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалануға мүмкіндік алмақ.

"Байқауға қару-жарақ пен әскери техника өндірісінен басқа, тауар өндірумен, қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады. Бұл ретте мемлекеттің қатысу үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдар, сондай-ақ, өздеріне қатысты белгіленген тәртіппен оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру туралы шешімдер қабылданған ұйымдар конкурсқа жіберілмейді", - дейді Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Толқын Тілемісова.

Ал мұнайлы өңір бойынша "Алтын сапа" сыйлығын алуға "ИНТРА" сервистік компаниясы", "ПЦН КҮЗЕТ", "KMG Automation", "SolarA.kz" және "Sultan Palace Hotel" ЖШС-лары ниет білдіріп, ұсыныс беріп отыр. Олар күзет, қонақ үй, жабдықтар мен құбырларды жөндеу мен техникалық қызмет көрсету салаларында табысты еңбек етіп отырған кәсіпорындар қатарынан саналады.

Бұдан бөлек, жыл сайын тұрақты түрде өтіп тұратын "қазақстанның үздік тауары" көрме-конкурсы пандемия салдарынан кейінге шегерілгені мәлім болды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу