Енді Атыраудан Ресейдің Самара, Астрахань, Волгоград қалаларына тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл туралы Сочи қаласында Қазақстан парламенті cенаты мен Ресей Федерациясы федералды кеңесінің ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының XI отырысында айтылды, деп хабарлайды 24.kz.
Сонымен қатар отырыста шекарадағы қандастарымызға қазақ тіліндегі оқулықтарды жеткізу мәселесі қозғалды. Ресейдің шекаралық аймақтарына, Қазақстанда шығарылған оқулықтар енді кіргізілуі мүмкін. Өйткені Ресей тарапы көмек береміз деп отыр.
"Бүгін біз зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселесін ортаға салдық. Сонымен қатар киберқауіпсіздік тақырыбы жайында әңгіме өрбіттік. Себебі бұл түйткіл тек біздің ел үшін ғана емес, бүкіл әлем бойынша өзекті болып тұр. Және де жастар саясаты туралы сөз қозғадық", - дейді ҚР парламенті сенаты төрағасының орынбасары Сергей Громов.