Атырауды шаңды дауыл басты: көріну деңгейі күрт төмендеді

159

Қала көшелерін қалың шаң басып, кейбір аумақтарда көріну деңгейі айтарлықтай төмендеген.  

Атырауды шаңды дауыл басты: көріну деңгейі күрт төмендеді Фото: Нұрбибі Теміртасова

Атырау қаласында күшті жел көтерген шаңды дауыл тұрғындарға қиындық туғызды, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Тұрғындардың айтуынша, қатты жел топырақ пен құмды аспанға көтеріп, айналаны толықтай шаң тұманына ораған. Соның салдарынан ғимараттар мен жолдарды шаң басып, қозғалыс қиындаған.

Синоптиктер бұл құбылысты теңіз деңгейінің төмендеуінен ашылып қалған тұзды әрі құмды алқаптардың желмен көтеріліп, ауаға таралуымен байланыстырады. Осындай табиғи жағдайлар аймақта шаңды дауылдың жиілеуіне әсер етіп отыр.

"Қазгидромет" РМК Атырау облыстық филиалының мәліметінше, өңір алдағы күндері солтүстік-батыс циклонының ықпалында болады. Сондықтан екпінді жел мен шаңды дауылдың қайталану ықтималдығы жоғары.

Алдын ала болжам бойынша, шаңды дауыл ертең де сақталуы мүмкін. Шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 9–14 м/с болады деп күтілуде. Ауа температурасы түнде 3–5 градус жылы, күндіз 12–14 градусқа дейін көтеріледі.

Синоптиктердің хабарлауынша, 17–18 наурыз күндері облыстың батысы мен оңтүстігінде аздаған жаңбыр жаууы ықтимал. Ал солтүстік бөлігінде тұман түсуі мүмкін. Сонымен қатар, желдің екпіні кей жерлерде 15–20 м/с-қа дейін күшейеді деп болжанып отыр.

Түнгі уақытта ауа температурасы кей аумақтарда 3 градус аяз бен 2 градус жылы аралығында болады. Күндізгі температура 10–15 градус шамасында сақталып, облыстың солтүстік бөлігінде 13–18 градусқа дейін жылынуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу