Атыраудың "Дина" базарында бір топ саудагер бас көтерді

902

Олардың сауда жасауына карантин ашылса да рұқсат етпеген.  

Атыраудың "Дина" базарында бір топ саудагер бас көтерді

Атыраудағы ең ірі сауда орталығы "Дина" базары қайтадан толықтай жұмыс істей бастады. Бұған дейін ондағы ашық сауда орындарының саудасы карантин кезінде де жүріп тұрған. Ал 17 тамыз күні карантин ашылған кезде саудамызды бастаймыз деп келген жабық павильондардың иелері әзірге жұмыс істеуге рұқсат жоғын естіп, шу шығарған. Сөйтіп, ұзын саны елуден астам кәсіпкердің табандап талап етуімен сауда орнына Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаевтың өзі келді.

Белгілі болғандай, облыстағы бас санитарлық дәрігер "Дина" базарында тиесілі талаптардың сақталмауы себепті жабық базар мен "пассаж" аталатын секторларының ашылуына рұқсат бермеген. Себебі, термометрлер ескі, көп жерде антисептик жоқ, желдеткіштер аз, оның үстіне, саудагерлердің арақашықтықтары өте жақын. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жағдайға үш ай карантин кезінде қауіпсіздік шараларын қолға алмаған базар басшылығын кінәлап, санитарлық дәрігерлердің айтқан сынына тікелей көз жеткізбек болды. Ә дегеннен оның дене қызуын өлшеген құрылғы 35 градусты ғана көрсетті. Ал ет сататын павильон әкімшісі соңғы рет қашан дезинфекция жасағандарын да есіне түсіре алмады.

"Ертең осы жерден ауру шықса, кім жауап береді?! Кемшіліктерді түзеуге он күн береміз", - деген Нұрлан Таубаевтың сөзінен кейін сатушылар шу ете қалды.

Айтуларынша, жағдайлары қиындап, жейтін тамақ таппауға айналған. Әрқайсысында несие бар, сауданың жоқтығына қарамастан салығы мен жалға алу ақыларын төлеп отыр, базардың керек-жарақтарына үнемі ақша қосады, мәселен,  дезинфекциялық тоннель орнатуға барлығынан ақша жиналған.

Ақыры, тараптар ұзақ айтыс-тартыстан кейін жабық павильондарды ашатын болып келісті. Бірақ, он күн ішінде, яғни 18-28 тамыз аралығында, базар басшылығы айтылған сыннан қорытынды шығаруы тиіс. Олай болмаған жағдайда, жабық сауда орындары қайта жабылмақ.

Айта кетейік, Атырау облысында 17 тамыздан бастап карантин ашылғанмен, сенбі-жексенбі күндері қатаңдатылған режим қолданылады. Оған сәйкес, демалыс күндері қоғамдық көліктер мен сауда орындарының жұмысы тоқтатылады. Сол себепті, аптаның бес күнін пайдаланып, тауарын сатуды ойлаған "Дина" базарының саудагерлері қуанғаннан шенеуніктерге алғыс жаудырды.

Құралай Қуатова

Атырау облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу