Атырауға Армениядан әкелінген екі жүздей көлік тіркелді

745

Нөмірлер меншік иелерінің тұрғылықты мекенжайына сәйкес, өңір кодымен беріледі. 

Атырауға  Армениядан әкелінген екі жүздей көлік тіркелді

Маусым айынан бастап  өңірге Армения Республикасынан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген сол жақ рульді  көліктерді тіркеу басталды.Осыған дейін Армениядан облыс тұрғындарымен 6800 шамасында автокөлік әкелінген. Оның ішінде маусым айынан бастап  екі жүзге жуық автокөлік есепке қойылып отыр.

"Тіркеу Атырау қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылуда.  ҚР Үкіметінің №306 қаулысына сәйкес, көліктерді тіркеу құны 11946 теңгені құрайды. Мұнда  тіркеу үшін алым, техпаспорт пен мемнөмір үшін БАЖ кіреді. Басқа төлемдер көзделмеген", - дейді облыстық  Полиция Департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы  Мырзалы  Өтеғалиев.

Нөмірлер меншік иелерінің тұрғылықты мекенжайына сәйкес, өңір кодымен беріледі. Алайда әкелінген көліктер  басқа мемлекетте тұрақты тіркеуде тұрған көлік құралдары болғандықтан, олар сары нөмір алады. Ал Арменияда берілген техпаспорт пен мемлекеттік нөмірлер көлікті тіркеген сәттен бастап мамандандырылған ХҚКО-ға  тапсырылады.  Меншік  иесі талап еткенге дейін олар мұрағатта сақталмақ. Бұған қоса, тіркелген көліктерді пайдалану мерзіміне шек қойылмаған. Тағы да белгілі болғаны, автокөліктің  меншік иесі оны пайдалану мерзімдері туралы шешімді өзі қабылдауға құқылы. Егер азамат өз көлігін қайта сатқысы келсе, "қазақстандық" мемнөмірлер мен техпаспорттарды тапсыру арқылы  автокөлікті Қазақстанның есебінен шығарып алу керек. Көлікті  Армения есебінен шығару  үшін меншік иесі сол жаққа қайта барып, ҚР заңнамасына сәйкес, кедендік баж, бастапқы тіркеу және кәдеге жарату алымы төлемдерін төлеуі шарт. Осы процедуралардан кейін ол көлікті басқа тұлғаға қайта сата алады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу