Атырауға экология министрі келді

875

Ол балық саласына салықтық жеңілдіктер жасалғанын құптайды.  

Атырауға экология министрі келді

Ол балық саласына салықтық жеңілдіктер жасалғанын құптайды.

Атырау өңіріндегі балық аулау көлемін әлі де арттыруға болады. Ал балық шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер мен субсидиялау ұсыну жолдарын қарастыру керек.

Бүгін Атырау облысына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев келіп, ірі балық өндіруші кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытындағы шараға облыстық әкімдік, "BD–Балық шаруашылығы қауымдастығы" өкілдері, саладағы кәсіпорын басшылары қатысып, балық шаруашылығындағы проблемалар көтерілді.

Саладағы соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға тоқталған Мағзұм Мырзағалиев атыраулық балықшылардың ұсынысымен балық аулау мерзімінің ұзартылғанын айта кетті. Сондай-ақ, балық шаруашылығына байланысты ұсыныстарға тыңдап, бірлесе қарауға әзір екенін айтқан министр балықшыларға субсиядар мен жеңілдіктер беру жөнінде "Бұл мәселелер қаржы, ұлттық экономика министрліктері сияқты басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарауды және келісуді талап етеді. Сондықтан, тиісті өзгерістер енгізу үшін сіздердің нақты есептер мен негіздемелер ұсынуларыңыз қажет. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне аталған мәселелерді сіздермен бірлесіп қарауды тапсырамын. Көтерілген мәселелер оң шешімін тапқан жағдайда балық шаруашылығының әлеуеті көтеріліп, кәсіпкерлердің жұмысы одан әрі жанданатыны сөзсіз", - деді.

Бұдан әрі, министр барлық жергілікті балық шаруашылығы өкілдерін 24 қыркүйекте Премьер-Министр Асқар Маминнің қатысуымен Шардара қаласында өтетін балық шаруашылығы бойынша республикалық семинарға қатысуға шақырды. Онда кәсіпкерлерге балық аулау мен балық өсіруді қатар жүргізу тәжірибесі таныстырылмақ.

         Дегенмен, оның сапарына сын көзімен қараушылар да аз емес. Солардың бірі қоғам белсендісі, "Атамекен Эко" қоғамдық қорының директоры Арман Хайруллин әлеуметтік парақшасында "Бүгін Атырауға экология министрі Мағзұм Мырзағалиев келді. Осымен екінші рет келіп тұр. Тағы да тек балық мәселесі бойынша... Бір де бір мәрте өңірдің экологиялық жағдайымен танысып, сасық зауыттарды тиянақты аралап, халықпен кездескен емес. Тіпті өзі экоамбассадор тағайындаған менімен де шаруасы жоқ. Министрлері балықтың қамын халықтың қамынан жоғары қойған елде тұрамыз. Ауамыз у, Жайығымыз балығы қырылып, бу боп жатқаны қызық емес оған. Осыны екінші рет дәлелдеді", - деп жазды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу