Атырауға Ресейден алты дәрігер келді

1039

Олар мұнайлы өңірдегі жағдайды оңалтуға көмектеспек.

Атырауға Ресейден алты дәрігер келді

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласынан келген ресейлік дәрігерлерді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қабылдап, қалыптасқан ахуалды түсіндіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

"Жағдайды көріп отырсыздар. Елімізде қазір коронавируспен бірге пневмония дерті де ушығып тұр. Осы  айда облыстық аурхана жанынан 400 орындық инфекциялық стационар ашылады, сонымен бірге, Құрманғазы ауданынан да қосымша орындар жасақталып жатыр. Біз қажетті стационарлық орындармен, дәрі-дәрмекпен, құрал-жабдықпен толықтай қамтамасыз етеміз. Бастысы, сол жасақталып, ашылып жатқан орындарда науқастарды емдейтін дәрігерлер керек. Жылдар бойы келе жатқан медициналық мамандар тапшылығы қиын кезде анық байқалды",– деп атап өтті аймақ басшысы.

Белгілі болғандай, жақын арада Ресейдің Астрахан облысынан тағы бес дәрігер маман келмек. Пандемиямен күреске жұмылдырылған ақ халаттыларға жағдай жасалып, барынша қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек,  Атырауға интернатурада оқып жатқан жүзден астам болашақ дәрігер де тартылмақ.

Әзірге өңірге келген ресейлік дәрігерлердің үшінші тамызға дейін жұмыс істейтіні айтылуда. Медицина саласы қызметкерлерінің көптеп келуі республика бойынша коронавирус инфекциясына шалдығу жағынан алдыңғы орында тұрған аймақтағы ахуалды жақсартады деген сенім бар. Бұған дейін облыстың бір топ азаматы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Атырауға дәрігерлерді көптеп жіберуге атсалысуын сұрап, ашық хат жазған болатын.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу