Атырауға саясаткер Нельсон Манделаның немересі келді

648

Ндилека Мандела Атыраудағы университеттің бірінде гендерлік саясатты талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.    

Атырауға саясаткер Нельсон Манделаның немересі келді Фото: Атырау мұнай-газ университетінің баспасөз қызметі

Орталық Азия бойынша алғаш рет Атырауда "Энергетика саласындағы әйелдер көшбасшылығы" Executive MBA білім беру бағдарламасының ресми ашылуы өтті. Мұнай мен газ университетінде өткен іс-шараның арнайы қонағы Оңтүстік Африкадағы G-Global өкілдігінің жетекшісі әрі аты аңызға айналған Нельсон Манделаның немересі Ндилека Мандела болды.

Айтулы шараға ірі мұнай кәсіпорындарының көшбасшылар қатысты. Олардың арасында ТШО бас директоры Кевин Лион, CNPC бас директоры Вей ЮЙСЯН, NCOC басқарушы директоры Оливье ЛАЗАР, "АМӨЗ" бас директоры Мұрат Досмұратов, "Ембімұнайгаз" АҚ Бас директорының орынбасары Рысты Тасмағамбетова, консорциумның еңбек ресурстары және сервистік қамтамасыз ету жөніндегі директоры "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" Тыңдаш Ізбасарова бар.

Жиынға қатысқандар әйелдердің түрлі саладағы жетістіктерін сөз қылып, энергетика саласына ерекше тоқталып өтті. 

Атырау мұнай өңдеу зауытының ұжымында әйелдер шамамен 30% құрайды, олар көбіне қаржы және кадр саласында қызмет атқарады. Ал энергетикада, механикада қыз бала мүлдем жоқ. Мен әйелдердің көшбасшылығын 100% қолдаймын, себебі менің екі қызым өсіп келеді, әрине, мен олардың кез келген салада дамып, өсе алатынына сенімді болғым келеді. Мұндай форумдар қоғамды жаңа кезеңге дайындауға мүмкіндік береді деп санаймын, - деп атап өтті "АМӨЗ" бас директоры Мұрат Досмұратов.

Ал, Тенгизшевройл бас директоры Кевин Лайон соңғы кездері энергетика саласында әйелдердің үлесі біршама артқанын айтады.

Мұнай-газ саласында жұмыс істеген 35 жыл ішінде мен компаниялардың гендерлік саясатындағы өзгерістерді байқадым. Қазір әрбір бесінші қызметкер әйел. ТШО штатында олар 35% құрайды, бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда әлдеқайда көп", – деді ТШО бас директоры Кевин Лион.

NCOC басқарушы директоры Оливье Лазардың айтуынша, ауыр физикалық жұмыспен сипатталатын мұнай өнеркәсібі тек ерлерге арналған деген қоғамды түсінік қалыптасқан. Алайда, жаңа технологиялардың енгізілуімен бұл себеп өзектілігін жоғалтқан. Компанияда әйелдер 30% құрайды және NCOC қабылдаған бағдарламаға сәйкес бұл көрсеткішті 2024 жылға дейін 35%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Қазақстанға арнайы келген Ндилека Мандела Қазақстан мен Африкадаға әйелдер құқығының даму деңгейін салыстыруға келмейді деген ұстанымда.

Қазақстанда, оның ішінде Атырауда әйелдер құқығын дамытуда үлкен жетістіктер байқалады. Біздің әйел әріптестеріміздің қазір энергетика саласында үлкен рөл атқарып, көшбасшылық позицияларға ие болғанын көру өте қуанышты. Белгілі бір жобаларды жүзеге асыруға әйелдер көшбасшылары неғұрлым көп қатысса, соғұрлым адам құқығы саласында оң нәтижелер болады. Африка елдеріндегі жағдай мүлдем бөлек", - дейді Ндилека Манела.

Көптеген елдерде гендерлік теңсіздік әйелдер денсаулығы мен әйелдер құқығын дамыту сияқты тақырыптар шеңберінде ғана талқыланды. Нәтижесінде әйелдерге өз ісімен айналысуға мүмкіндік беретін гранттар мен несиелер бөлінеді. Алайда, жалпы әйелдердің дамуы үшін энергетика саласы сынды өзге де салаларда дамуға қол жетімділік маңызды. Бүгінгі таңда көптеген дамыған елдерде әйелдер өз елінің дамуына белсенді қатысады, бірақ Африкада, өкінішке орай, олай емес. Әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдер үшін қиын - бұл өте маңызды мәселе. Біз әйелге энергетика секторының барлық салаларына қатысуға мүмкіндік беруіміз керек. Бұл тек мемлекеттік компанияларға ғана емес, жеке компанияларға да қатысты. Әйелдерді өндірістің барлық цикліне, соның ішінде жаңартылатын энергияны пайдаланудың жаңа жобаларына қосу өте маңызды, - дейді Ндилека Мандела.    

Отырыс соңында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев атыраулық әйелдердің жергілікті үкіметтегі үлесіне қатысты мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, облыстық мәслихатта әйелдер саны 27-30%-ды, мемлекеттік қызметте – 80%-ға жуық, квазимемлекеттік секторда – 22%, білім беру саласында - 92%, медицинада - 60%-дан астам көрсеткішті құрайды. Әр түрлі деңгейдегі басшылық лауазымдардың шамамен 40%-ы әйелдер еншісінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу