Атырау облысында төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушысы Ерсейіт Бралин жалпы салмағы 165 тонна болатын жеті жүк вагонын сүйреп, ел рекордын жаңартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол рекордтық көрсеткішке Құрманғазы ауданындағы теміржол вокзалында жеткен. Ерсейіт Бралин вагондарды 9 метр 75 сантиметрге дейін сүйреген. Іс-шараға аудан тұрғындары жиналып, құтқарушыға қолдау көрсетті.
36 жастағы Ерсейіт Бралин 2013 жылдан бері төтенше жағдайлар қызметінде еңбек етіп келеді.
"Ерсейіт Бралин қызметімен қатар спортта да жоғары жетістіктерге қол жеткізген. Ол пауэрлифтингтен халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегері, 2023 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған. 2024 жылы Қырғызстанда өткен әлем чемпионатында 100 келі салмақта әлем чемпионы атанып, сол жылы 94 тонналық вагонды сүйреу арқылы рекорд орнатты. 2025 жылы Азия чемпионатында 1 орын, әлем чемпионатында 3 орын иеленді. 2026 жылы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды", – деп пікір білдірді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.