Атыраулық белсенділер қаланың қақ ортасындағы құрылысқа қарсы. Олар "Кәсіпкер ғимаратты айналма жолға жақын салмақшы" деп наразы. Жұмысқа білек сыбана кіріскісі келіп отырған бизнес иесі қазірдің өзінде аумақтағы талды отап тастапты. Есесіне басқа жерді көгалдандырамын деп уәде берген.
Басы дауға қалған кәсіпкер осыған дейін өзінің 16 соттық жерін мемлекет мұқтаждығына беріпті. Есесіне құрылысқа қажетті аумақты қала ортасынан алуға келіскен. Енді қонақ үйдің маңындағы айналма жолдың тұсына 2 қабатты ғимарат салмақшы. Бұған белсенділер үзілді-кесілді қарсы болып отыр.
"Менің ойымша бұл іске жергілікті билік, сот немесе прокуратура органдары араласып, бассыздыққа жол бермеуі керек. Мына жерге қандай да бір ғимараттың салынуына қарсымын. Жайқалып, өсіп тұрған ағаштарды отап тастаған. Адамдардың өміріне қауіп тудыратыны анық, тіпті адам өлу фактісі тіркелуі де мүмкін. Себебі, бұрылыста жаяу жүргіншілер жолағы бар", - дейді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Виктор Сутягин.
Жерді бизнес иесіне бергенімен, әкімдіктегілер кәсіпкердің жобасын әлі мақұлдамапты. Демек, шағын дүңгіршек іспетті нысанмен шектелмесе, 2 қабатты ғимарат салуға рұқсат жоқ.
"Қазіргі уақытта кәсіпкер жерге құрылыс нысанын салуға өтініш білдірген. Алайда қала құрылыс талаптарына сәйкес Атырау қаласы сәулет бөлімі тарапынан бас тартылды. Ғимарат неғұрлым қызыл сызыққа жақын орналасуына орай, өрт қауіпсіздігі талаптары бар, көлік қою орнына сәйкес бас тартылды", - деді қалалық сәулет және құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Фараб Қуанышқалиев.
Отап тастаған 15 ағаштың орнына 150 тал егемін деген кәсіпкер ең алдымен сол уәдесін орындауы тиіс. Одан бөлек жобасын қайта жасап ұсынады. Олай болмаған жағдайда жол жиегіндегі аумақта табыс таба алмайды.