Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған соты азамат Ж.-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 675-бабының 1-бөлігімен "Әскери киімнің айырым белгілері және (немесе) рәміздері бар киімді заңсыз кию" әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған.
"Сот анықтағандай, азамат Ж.-ның 2024 жылғы 21 ақпанда Атырау қаласының №2 сот ғимаратында прокурордың арнайы қысқы бас киімін, яғни айырым белгілері мен рәміздері бар нысанды киімін заңсыз киіп келген. Ж.-ның кінәсі сот отырысында зерттелген іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, фотосуреттермен толық расталған", – делінген материалда.
Блогер сот шешімімен кінәлі деп танылды.
Оның жеке басын және жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатын ескере отырып, 18 460 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.