Атыраулық фермерлер субсидия көлемінің азайғанына қарсы

859

Ал конкурста жергілікті кәсіпкерге басымдық берілгенін құптайды.  

Атыраулық фермерлер субсидия көлемінің азайғанына қарсы

Атырау облысындағы Құрманғазы және Мақат аудандарының фермерлері мемлекет тарапынан берілетін субсидия көлемінің азаюымен келіспейтіндерін айтты. Мәселен, шағын электросанса мен су насосын алуға беретін жеңілдік 30 пайызға төмендетілген, ал күн панеліне беретін субсидия мүлдем тоқтап қалыпты, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жер телімі жетіспейді және су тапшы. Осы және басқа да сала проблемалары облыстық кәсіпкерлер палатасының кезекті отырысында талқыланды. Аталған палатаның Құрманғазы ауданы бойынша филиалының директоры Ұлықбек Өтегеновтің айтуынша, "жығылған үстіне жұдырық" дегендей, ауданда биыл ауыл шаруашылығымен айналысуға берілген 60 учаске бойынша тек бір конкурс қана өткен. Соның салдарынан, байқауға қатысқан 192 адамның ішінен алпысының ғана бағы жаныпты. Ал келесі осындай байқаудың қашан өтетінін ешкім білмейді.

Бөлім басшысы байқау шарттарына кейбір тұстарына да көңіл аударды. Мәселен, онда инвестиция көлемі көрсетіледі де жеке тұлғаға назар аударылмайды. Сондай-ақ қатысушының қайда тұратыны маңызды емес, тек Қазақстан азаматы болуы қаперге алынады. "Осыдан келіп осы салада ұзақ жыл тер төккен, кәсібін бес саусақтай білетін жергілікті азаматтардың тасада қалып қоятын жағдайлары кездеседі. Бұл жердің шаруа қожалықтары байқаудан өте алмай, әлдекімдер алған учаскелердің босқа тұрып қалатынын да көріп жүрміз. Сол себепті конкурс шарттарына тиісінше өзгерістер енгенін қалаймыз", - дейді Ұлықбек Өтегенов.

Жиында Құрманғазы және Мақат аудандары өкілдері мемлекет тарапынан қарастырылған субсидия көлемінің азайып кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Елді мекендерден шалғай орналасқан шаруа қожалықтары үшін сумен және тоқ көзімен жабдықтау мәселесі қашан да өзекті. Алайда биыл шағын электросанса мен су насосын алуға беретін жеңілдік 30 пайызға төмендеп, күн панеліне беретін субсидия тоқтатылған. Былтыр 7  шаруа қожалығы мұндай жеңілдікті пайдаланып, күн панелін алып үлгерген. Онсыз да жем-шөп жетпей, аудандар бір-біріне мал азығымен көмектесуге мәжбүр болған тұста мұндай шектеулердің не үшін енгізілгені түсініксіз. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы Мақат ауданы филиалының директоры Гүлназ Едігееева шаруа қожалықтарының қордаланған мәселерді біріге шешуі үшін кооперативтерге бірігуге келісіп отырғанын жеткізді.

Аймақтық кеңес мүшелері өз кезегінде қожалықтардың кооперативтерге бірігуі жөніндегі ұсынысты қолдайтынын жеткізді, басқа мәселелер бойынша "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығына ұсыныстар жолданбақ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу