Атыраулық ғалымдар ұшақ пен жолда мұз қатырмайтын реагент жасап шығарды

398

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің зертханасында сілтілік ортада натрий формиатын алу әдісін жүзеге асырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атыраулық ғалымдар ұшақ пен жолда мұз қатырмайтын реагент жасап шығарды Фото: С.Өтебаев атындағы мұнай және газ университеті

Университеттің баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, ғылыми жобаға белгілі химик, технолог Маржан Досмағамбетова жетекшілік еткен.

Жаңа реагентті қыс мезгілінде автокөлік пен жаяу жүргіншілер жолын, ұшақтың қанаттары мен корпусын мұздан қорғау үшін қолдануға болады.

"Натрий формиатын өндіру осы кезге дейін палладий катализаторы және төрт хлорлы көміртекті сутегімен гидрохлорлау әдісі арқылы алынып келді. Бұл процесс 90-100°С температурада 12-19 атмосфералық қысымда сілтілік ортада жүргізіледі. Оның басты кемшілігі қысым 12 атмосфераға дейін төмендейді. Сол кезде натрий формиатының шығымы да күрт төмендейді. Ал, жоғарылаған кезде технологиялық жабдықтарға жұмсалатын металл шығынын арттырады. Бұл өндіру процесін бәсекеге қабілетсіз етіп, бағасын қымбаттатады", - дейді университеттің қауымдастырылған профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Амангелді Әбілхайыров.

Оның айтуынша, университет зертханасында әртүрлі концентрациядағы күйдіргіш натрийдің сулы ертіндісіне сутегінің асқын тотығы араластырылған. Кейін формалин қосу арқылы натрий формиаты алынды.

"Бұл ғылыми жобаның бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, технологиялық жабдықтар қарапайым түрде жасалады. Екіншіден, сол арқылы өнімнің арзандауына септігін тигізеді. Үшіншіден, қыс мезгілінде мұз қатуға қарсы пайдаланғанда, жолдың цементбетон жабындысына, көлік шинасына зақым келмейді. Төртіншіден, көлік корпусында коррозия тудырмайды. Ең бастысы, алынған құмырсқа қышқыл натрийді қолдану адамдарға да , жол төсеміне де залалсыз және -15-тен -25°С дейінгі төмен температурада жол төсемін тазалауға мүмкіндік береді", - деді Амангелді Әбілхайыров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу