Атыраулық мүсінші Бешім Қызылбасовтың мүсінін жасады

2070

Осылайша ол мұнайды алғаш тапқан тұлғаны тарихта қалдырғысы келеді.  

Атыраулық мүсінші Бешім Қызылбасовтың мүсінін жасады

Атыраулық мүсінші Серік Мәтенизов өңірде алғаш рет мұнай кен орнын ашқан Бешім Қызылбасовтың мүсінін жасап шығарды. Мүсінші оны гипстен эскиз түрінде жасағанын айтады. Ол үшін шеберге еш жерден арнайы ұсыныс жасалып, тапсырыс берілмеген, танымал мүсінші туындысын өзінің қалауымен, қиялындағы бейнесін сомдай отырып, көрмесіне қою үшін жасаған.

"Кейде белгілі бір тұлғаларға байқау жарияланып, мүсіншінің мүсін эскизін жасап қатысуына уақыты аз болып қалады. Егер келешекте бұл кісіге арнап ескерткіш тұрғызу керек, ол соған лайықты тұлға деп танылып жатса осы еңбегімді ұсына аламын", - дейді Серік Мәтенизов.

Ол әлеуметтік желілерге жасап шығарған мүсінінің суретін салғасын оның қолына торсық емес, ағаш қауға "ұстатып қою" жөнінде ұсыныстар келіп түскен. Алайда, мүсінші тарихи дерек бойынша Бешім қарттың түйенің ізіне жиналып қалған қоймалжыңды торсыққа құйып, онда май қатып қалғасын мұнай екенін білгенін алға тартып отыр.

Айта кетейік, жергілікті тұрғын Бешім Қызылбасов 1926 жылы аймақтан мұнай қабаттарының белгілерін байқап, оны "Казнефтеразведка" трестінің геологы Петр Авровқа апарып көрсетеді. Кей деректер бойныша, геологтар бұл жерден 1911 жылдан бері "қара алтын" іздеп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.  Көп ұзамай бұрғылау жұмыстары мұнда расымен де мұнай қабатының барын көрсетіп, Қосшағыл, Төлес кен орындары ашылады. Қазіргі күні "Құрметті мұнайшы" атанған Бешім Қызылбасовтан тараған ұрпақтың арасында мұнай-газ өнеркәсібінде жұмыс істеп, саланың дамытуға үлес қосқан жандар көптеп саналады. Бұған дейін оның бейнесі кейбір рельефтерде көрініс тапқан, бірақ, мұнай көзін алғаш тапқан адамға арнап ескерткіш қойылмаған.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу