Атырауда ақпан айының 23-25 аралығында "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс шарасы өткізілді. Елдімекендерден шығар жерлерде 14 бекеттер, автокөлік жолдарына 35 тосқауылдар қойылды, деп жазады inbusiness.kz .
"Мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктер мен ет өнімдерін сататын базарларды тексеру үшін 10 топ құрылып, олармен мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 305 автокөлік, мал және ет өнімдерін сататын 146 орын мен 452 шаруа қожалықтары тексерілді. Нәтижесінде малдар мен ет өнімдерін құжаттарсыз тасымалдаудың 19, ал мал мен ет өнімдерін құжаттарсыз сатудың 6 фактісі анықталып, 25 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылды",– деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Сондай-ақ, ЖПІШ барысында ауыл шаруашылығы жануарларын иелерінің немесе олар уәкілеттік берген адамдардың қадағалауынсыз жаюдың 155 фактісі анықталып, 155 тұлға ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сай әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, "Мал ұрысы" жедел профилактикалық іс-шарасының қорытындысымен заңсыз мал союмен айналысқан - 5 тұлға, ұрланған малды сатқан - 2 тұлға, ұрланған ет өнімін сатушы - 1 тұлға және малды заңсыз тасымалдаушы - 10 тұлға есепке алынды.