Атыраулық шаруалардың жанайқайы: Қазақстанда қарақұрт шаққан малға өтемақы төленбейді

1921

Биыл атыраулық шаруалар қарақұрттың қаптауына байланысты дабыл қағып отыр.

Атыраулық шаруалардың жанайқайы: Қазақстанда қарақұрт шаққан малға өтемақы төленбейді Фото: primeminister.kz

Атырау облысында соңғы үш жылдан бері қарақұрт қаптап, тұрғындар мен мал жануарлар зардап шегіп жатыр.

Мамыр айының басынан бері 9 адам ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылса, олардың 2-уі әлі де дәрігерлердің бақылауында, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақжайық" басылымына сілтеме жасап.

Ветеринария мамандарының айтуынша, қарақұрт жер талғамайды, далада, қора-қопсы, тіпті ауылдардың ішінде кездеседі. Күннің күрт ысуы олардың көбеюіне жол беріп, белсенділігін арттыруда.

Биылдың өзінде 100-ге жуық малды қарақұрт шағып, оның алтауы сеспей қатқан.

– Аудан бойынша биылдың өзінде 29 түйені қарақұрт шағып, оның 1-уі өлді. Фуросемид системасын салу арқылы шаруалар малдарын аман сақтап қалуға күш салуда, – дейді Индер аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәмбетқали Құсайынов.

Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Әзірге қарақұрт Қазақстанда ресми түрде аса қауіпті жәндік ретінде танылмаған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ұсыныс жолдаған. Бірақ, бұл бастаманы ешкім қолдаған жоқ. Қазір ветеринарлар барынша көмек көрсетуде, ең қиыны – өлген мал үшін ешқандай өтемақы төленбейді. Былтыр қарақұрт шаққан 100-ге жуық түйе қырылған.

Медицина қызметкерлері улы жәндік шақса, уақыт оздырмай дереу дәрігерге жүгінген жөн дейді. Қарақұрт шаққанда науқас әлсіреп, қара терге түсіп, демалысы қиындап, жүрегі қысылу белгілері болады.

Министрлік шешімін күткенше, ауыл тұрғындары қолғап киіп, қарсы у іздеп, малына қырағылықпен қарап отыр. Өйткені, биыл жаз тек ыстық қана емес, қауіпті болғалы тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу