Атыраулықтар 97 малға онлайн тапсырыс берді

854

Төрт жүзге жуық мұқтаж отбасы ет алуға өтініш берді

Атыраулықтар 97 малға онлайн тапсырыс берді

Атырау облысында Құрбан айт мерекесін тойлау кезінде бірқатар шектеулер енгізіліп отыр.

"31 шілде мен 2 тамыз аралығында Атырау қаласының орталық мешіті белгілеген онлайн режимінде құрбандық шалуды жүзеге асыратындарды қоспағанда, мал сою цехтары мен мал сату базарының жұмысы тоқтатылады. Сондай-ақ, облыс орталығы аумағында мал союды ұйымдастыруға, өткізуге, автокөліктер мен жеке үй иеліктерінде мал сатуға тыйым салынады. Бұдан бөлек, меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда, жеке меншік үй иеліктерінде және медреседе адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге болмайды", – деп хабарлады облыстық Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Жанар Досымбаева. 

Талаптардың орындалу барысын Атырау қаласының полиция департаменті, аудандық әкімдіктер және ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы қадағалап, мониторинг жүргізбек.

Бұдан бөлек, Атырауда онлайн құрбандық шалуға қазіргі уақытта "qurban2020.kz" сайты арқылы интернет арқылы 97 тапсырыс түсіпті. Атыраулықтар әзірге 51 қойға, 6 ешкіге, 40 тоқтыға онлайн тапсырыс берген. Ал құрбан малының етін алуға 380 мұқтаж отбасынан өтініш түсіпті.

Атырау облысының Бас имамы Алтынбек Ұтысханұлының айтуынша, құрбан малын сою үшін "Иманғали" мешіті тарапынан 12 бригада құрылған.  Бұдан бөлек, Атырау облысы əкімдігі тарапынан құрылған штаб та жұмыс атқармақ. Құрбан шалушыларға фото, видеоесептер жіберіп отыру да – осы бригадалардың қызметіне кіреді.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу