Атыс салдарынан бейбіт тұрғын қаза тапты – Армения СІМ

621

Қос мемлекетте де соғыс жағдайы енгізілген еді. 

Атыс салдарынан бейбіт тұрғын қаза тапты – Армения СІМ

Әзербайжан қарулы күштері Арменияның Варденис деп аталатын қаласына шабуыл жасап, салдарынан бейбіт тұрғын қаза тапты. Бұл туралы Арменияның сыртқы істер министрлігі хабарлады. 

"Әзербайжан қарулы күштері Варденис қаласының әскери және азаматтық инфрақұрылымына қатты соққы жасады. Осындай шабуыл кезінде бір адам мерт болды", – деп жазылған ведомствоның ресми мәлімдемесінде.

27 қыркүйекте ресми Баку Армения әскерилері әзербайжандық әскердің позицияларына оқ жаудырғанын мәлім еткен еді. Ал Ереван болса, Әзербайжан күштері Таулы Қарабақ бағытында шабуылды бастады және ондағы бірқатар елдімекен мен оның әкімшілік орталығы Степанакертке шабуылдады дегенді айтты. 
Қос тарап та әскерилермен қатар бейбіт тұрғындардың қақтығыс кезінде қаза тапқанын жариялады. Арменияда да, Әзербайжанда да соғыс жағдайы енгізілді.

Еске сала кетсек, Армения мен Әзербайжанның Таулы Қарабақтың қай тарапқа тиесілі екені жайында ортақ келісімге келе алмай жүргеніне ондаған жыл болды. Шиеленіс 1988 жылдың ақпанында басталған еді. Яғни осы кезде Таулы Қарабақ автономды облысы Әзербайжан Кеңес Социалистік Республикасының құрамынан шығатынын мәлім етті. 1992-1994 жылдары болған қақтығыста Баку Таулы Қарабақ пен оған жақын орналасқан жеті ауданнан айырылып қалған болатын.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі осы шиеленіске қатысты талқылауды 29 қыркүйекте бастайды.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу