Ауа баптағыш орнатқысы келетіндер үшін маңызды жаңалық

205

Тұрғын үйді басқару нысандарының қандай түрлері бар екені аталды. 

Ауа баптағыш орнатқысы келетіндер үшін маңызды жаңалық Фото: prime-climate.com

Ғимараттың қасбетіне кондиционер орнату үшін пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерінің келісімі мен тиісті хаттама қажет., деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметінше, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 42-бабындағы 1-тармаққа сәйкес тұрғындар үйді басқару нысандарының бір түрін таңдауға міндетті. Мәселен, мүлік иелерінің бірлестігі; егер пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің саны отыздан аспаса, көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі (жай серіктестік); егер пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің саны он алтыдан аспаса, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелерінің тікелей бірлесіп басқаруы.

Заң бойынша басқару нысандарының басқа түрлері көзделмеген.

Сондай-ақ, "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 2-бабының 14-тармағы бойынша үйлердің қасбеттері ортақ мүлік болып саналады. Сол себепті қасбетке ауа баптағыш орнату мүлік иесінің жеке мәселесі бола алмайды. 

Келісім керек пе?

Осы заңдағы 40-баптың 3-тармағы бойынша "пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды қайта жабдықтау және (немесе) қайта жоспарлау кезінде, егер өзгерістер:

-    тіреуіш және (немесе) қоршау конструкцияларын;
-    үйге ортақ инженерлік жүйелерді;
-    кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін;
-    пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың функционалдық мақсатын қозғайтын жағдайларда, пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің міндетті жазбаша келісімі талап етілетіні" көрсетілген.

Сондай-ақ, комитет өкілдері қайта жабдықтау немесе қайта жоспарлау туралы шешімді тұрғындардың жалпы жиналысы қабылдайтынын еске салды. Жиналыс бетпе-бет немесе жазбаша түрде өтуі мүмкін. Хаттамада міндетті түрде қандай мәселе бойынша дауыс берілгені көрсетілуі тиіс.

Демек, үйдің ортақ мүлкіне қатысты шешімдер, мәселен, ғимараттың сыртына кондиционер орнату – мүлік иелерінің бірлестігі жиналысында қабылданып, хаттамамен рәсімделуі керек.

Сондықтан да, ғимараттың қасбетіне кондиционер орнату үшін пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерінің келісімі мен тиісті хаттама қажет.

"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 505-бабына сәйкес 2025 жылғы мамырға айыппұлдардың келесі мөлшері қолданылады:

-    Жеке тұлғалар үшін – 20 АЕК (78 640 теңге);
-    Шағын бизнес және үкіметтік емес ұйымдар – 30 АЕК (117 960 теңге);
-    Орташа бизнес – 40 АЕК (157 280 теңге);
-    Ірі бизнес – 100 АЕК (393 200 теңге).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу