"Ауа-райы өзгерсе, баға шарықтайды": Депутат такси бағасы туралы мәселе көтерді

162

Ол такси платформалардың комиссиясын 3-5%-ға дейін түсіру қажет деп отыр.  

"Ауа-райы өзгерсе, баға шарықтайды": Депутат такси бағасы туралы мәселе көтерді Фото: shutterstock.com

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов жолаушылар тасымалы саласында отандық цифрлық қосымшаларды дамыту туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутат соңғы жылдары нарықта цифрлық платформалар артып жатқанын жеткізді. Сөзінше, көлік қызметтері нарығында автобекеттердің іс жүзінде жоғалып кеткені, қалааралық тасымалдау көлемінің азайып бара жатқаны байқалады.

"Такси парктері үлкейеді немесе банкротқа ұшырайды. Жүз мыңдаған қазақстандық жүргізушілер цифрлық такси агрегаттарына қатты тәуелді болды. Төленген әрбір жол ақысының бір үзімін отандық жүргізуші алса, қалғанын сырттағылар алып отыр. Осы күнделікті тіршілігімізбен біте қайнасып кеткен онлайн сервистік такси қызметінен тапқан табыстардың белгілі бір пайызы шетелге кетіп жатыр. Бір қарағанда барлығын шетелдік технократтар жасап беріп жатыр ғой дей салуға болады. Шын мәнісінде біз соларға тәуелді болу арқылы ішкі қаржы айналымында оңбай ұтылып жатырмыз. Қазіргі таңда цифрлық такси платформалары 16%-дан басталып, қосымша таксопарктер тағы 2-4% қосып алады", - деді Мархабат Жайымбетов.

Оның айтуынша, табыстың көп бөлігі платформалар мен таксопарктердің комиссиясына кеткендіктен, жүргізушілер күректеп ақша тауып жатыр деуге келмейді.

"Шетелдік платформалар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, нарықтың басым бөлігі соларда. Елімізде отандық қосымшаларға қолдау аз, ресурсы шектеулі болғандықтан, олар бәсекеге төтеп бере алмайтынын байқаймыз. Бәсеке болмаған соң халықтың таңдау мүмкіндігі тарылып, сапа мен баға мәселесі де шешілмей тұр. Жеке қабылдауларда халық такси тарифтерінің негізсіз қымбаттауын алға тартады. Әсіресе, мереке күндері немесе ауа-райы күрт өзгерсе, баға бірден шарықтап кетеді. Бүгінгі таңда шетелдік цифрлық платформалар экономикалық айналымнан жүргізушілер мен халықты қоса алғанда, ел экономикасына инвестиция салмай-ақ, инфрақұрылымды дамытпай-ақ ондаған миллиард теңге алып отыр деуге болады", - деп атап өтті ол.

Депутат осындай жағдайлар еліміздің ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді деген пікірде.

"Осыған байланысты, келесі ұсыныстарды қарауды сұраймын. Біріншіден, қазақстандық цифрлық қосымшаларды құруға қолдау көрсету. Табысты қазақстандық цифрлық платформаларды жұмысқа тарту. Екіншіден, осы нарық үшін аса маңызды инфрақұрылымды – елдің цифрлық картасын құру қажет. Ол ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды. Үшіншіден, нарықтың өзгермейтін монополиялық жағдайы ірі такси агрегаторлары алатын комиссиялардың мөлшерін бағалық реттеуді талап етуіміз керек. Яғни, такси платформалардың комиссиясын 3-5 % дейін түсіру қажет", - деді мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу