9 қараша күні Ақмола облысындағы бірнеше автожол учаскесінде ауа райының қолайсыздығына байланысты қозғалысқа шектеу енгізілді.
Сонымен қатар Астана мен Павлодар облысын байланыстыратын жолдардың бірқатар бөлігі қайта ашылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Компанияның мәліметінше, сағат 07:30-да барлық көлік түрі үшін мына учаскелерде қозғалыс қайта жанданды:
- Павлодар облысы: "Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы" автожолының 200–254-шақырымы (Ақмола облысының шекарасынан Шідерті кентіне дейін);
- Ақмола облысы: "Астана – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы" жолының 18–232-шақырымы (Астанадан Щучинскіге дейін);
- "Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы" жолының 16–200-шақырымы (Астанадан Павлодар облысының шекарасына дейін).
- Ал сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Ақмола облысында бірнеше учаскеде жылдамдық шектелді. Атап айтқанда, Астана – Щучинск бағытындағы жолда рұқсат етілген жылдамдық сағатына 110 шақырымнан 80 шақырымға дейін төмендетілді.
Сондай-ақ "Астана – Қарағанды – Алматы" автожолының Жібек жолы кентінен Анар станциясына дейінгі бөлігінде жылдамдық сағатына 140-тан 110 шақырымға дейін шектелді.
Бұдан бөлек, қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы төмендеуіне байланысты "Көкшетау – Атбасар" автожолында жазғы дөңгелекпен жүрген көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.