2026 жылғы 23 ақпан күні ауа райының күрт нашарлауына байланысты Қазақстанның бірнеше облысында автожолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді.
Абай облысында 23 ақпан сағат 22:00-ден бастап барлық автокөлік түрлері үшін келесі бағыттарда қозғалыс тоқтатылды:
– "ҚХР шекарасы – Майқапшағай – (Зайсанды айналып өту) – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы (Урлютөбе БӨП)" автожолы, 756–906 шақырым (Семей қаласы – Қалбатау ауылы);
– "Өскемен – Семей" автожолы, 103–198 шақырым (ШҚО шекарасы – Семей қаласы);
– "Семей – Қайнар" автожолы, 8–284 шақырым (Семей қаласы – Қайнар ауылы).
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысында "Өскемен – Семей" автожолының 12–103 шақырым аралығында (Қазачье ауылы бұрылысынан – Абай облысы шекарасына дейін) қозғалыс шектелді. Аталған жолдарды 24 ақпан сағат 06:00-де ашу жоспарланған.
Осы күні сағат 23:00-де ауа температурасының –40 °C-қа дейін төмендеуіне байланысты Ақмола облысында жүк және қоғамдық көліктер үшін бірқатар республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қозғалысқа шектеу енгізілді. Олардың қатарында "Астана – Петропавл", "Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Қостанай – РФ шекарасы", "Көкшетау – Атбасар", "Щучинск – Зеренді" және өзге де бағыттар бар.
Солтүстік Қазақстан облысында да бірнеше негізгі автожол учаскелерінде жүк және қоғамдық көліктердің қозғалысы уақытша тоқтатылды. Бұл өңірде жолдарды ашу 2026 жылғы 24 ақпан сағат 08:30-ға жоспарланып отыр.
Жол жағдайына қатысты өзекті ақпаратты тәулік бойы 1403 байланыс орталығына хабарласу арқылы алуға болады.