Атырау облысында көлігімен қарға батып қалған отбасы құтқарылды. Олардың қолында әлі бір жасқа да толмаған сәбиі болған, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдай қызметіне 13 қаңтар күні сағат 16.49-да Қызылқоға ауданы Миялы ауылынан 5 шақырым жерде, Аққора елді мекеніне бара жатқан жеңіл автокөлік қарға батып қалғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Көліктің ішінде 1986 жылғы ер адам, 1990 жылғы әйел адам мен олардың 2021 жылғы кішкентай сәбиі болған.
Шақыру орнына жедел жеткен "10-ӨСБ" және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері отбасын эвакуациялап, автокөлікті қардан шығарып, Аққора ауылына жеткізген.
Атырау облысы ТЖД қоғаммен байланыс тобы қазіргі күні құтқарылған отбасының медициналық көмекке мұқтаж еместігін жеткізді.
Төтенше жағдай қызметі тұрғындарға ауа райының қолайсыз күндері жолға шықпауды тұрақты ескертіп отырады. Соған қарамастан, кейде тіпті бала-шағасымен, басын қатерге тігіп, көлігімен жол жүріп кететіндер көп.
Құралай Қуатова