Ауа райының ыстық болуы үш облыстағы егінге әсер етті

1378

Астықтың жалпы түсімі туралы болжам арнайы жұмыс топтарының жұмыс нәтижелері бойынша белгілі болады.

Ауа райының ыстық болуы үш облыстағы егінге әсер етті

Қазақстанның Алматы, Қостанай және Ақтөбе облыстарының дәнді дақылдары аптап ыстықтан зардап шекті, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне.

"Алматы, Қостанай және Ақтөбе облыстарында ауа райының өзгеруі егінге кері әсер етті. Өздеріңіз білетіндей, республика аумағында қатты ыстық болды. Қазіргі уақытта ауа-райының қолайсыздығынан зардап шеккен аудандарда  жұмыс істейтін арнайы жұмыс топтары құрылды, олар қазір өңірлерде жұмыс істеп жатыр", - деп хабарлады ведомство агенттікте.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы министрлігі астықтың жалпы түсімі туралы болжам арнайы жұмыс топтарының жұмыс нәтижелері бойынша белгілі болатынын айтты.

Қазіргі уақытта облыстық ауылшаруашылық басқармаларының мәліметі бойынша дәнді дақылдардың 59,2% немесе 8,8 млн гектарының жақсы (2018 жылы 69,1%), 33% немесе 4,9 млн га-сы қанағаттанарлық жағдайда. Қалған 7,8% немесе 1,09 млн гектары қанағаттанарлықсыз.

Сонымен бірге, департамент 2019 жылы егін егу науқаны оңтайлы уақытта және сапалы тұқымдармен жүргізілгенін атап өтті. Фермерлер тыңайтқыштарды уақтылы қолданып, дақылдарды арамшөптер мен ауруларға қарсы дер кезінде химиялық өңдеуден өткізген.

Бұған дейін ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 2019 жылы астық түсімі өткен жылғы деңгейде болатынын айтқан еді. 2018 жылы бункер салмағындағы дәнді дақылдардың түсімі 22,8 млн тоннаны, таза салмақтағы дәнді дақылдар 20,3 млн тоннаны құрады.

Биылғы көктемгі егіс алқабының жалпы көлемі 19 млн га құрады, оның ішінде дәнді дақылдар - 14,5 млн га. Жалпы алғанда, 2019 жылы егіс алқабы 22,3 млн га.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу