Ауаны шамадан тыс ластайтын автокөліктерге айыппұл көлемі артады

939

Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануына байланысты ауаға тиісті нормадан артық ластаушы заттар шығаратын автокөліктерге салынатын айыппұл мөлшері артады. Бұл Кодекстің "ластаушы төлейді" принципіне сәйкес келеді.

Ауаны шамадан тыс ластайтын автокөліктерге айыппұл көлемі артады

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (334 бап) енгізілген өзгерістерге сәйкес, шығарындылардағы ластаушы заттардың мөлшері белгiленген нормативтерден асса, жеке көлік иесі 10 айлық, заңды тұлғалар 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Ал бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса - жеке тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 200 АЕК айыппұл салынады.

Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа норма шілде айында күшіне енеді. Ал әзірге қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 2, қайталанған жағдайда 5 АЕК қана айыппұл жазылады.

Министрлік сонымен бірге өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол карталары қабылданғанын, аталған құжаттарда автокөлік шығарындыларын азайту бағытында атқарылатын іс-шаралар да қарастырылғанын атап өткен.

Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының Жол картасына сәйкес, техникалық байқау орталықтарына қойылатын талаптар қатаңдатылады. Бұрын техбайқау пункттерін ашқысы келетін кәсіпкер ол туралы тек хабарлауға тиіс болса, енді арнайы рұқсат алуы тиіс. Мұндай орталықтарға бірыңғай бағдарламалық қамтамасыз ету де енгізіледі. Сақтандыру полисін алу кезінде техникалық байқаудан өту міндеттемесі жүктеледі. Сонымен қатар техбайқау операторының қызметін тоқтата отырып, міндетті техникалық байқауды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту да қарастырылған.

Атап кетсек, елімізде экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін автокөліктер техбайқау кезінде, Экология департаменттерінің Ішкі істер басқармасымен немесе көліктік бақылау органдарымен бірлескен рейдтері барысында және кәсіпорындарға жүргізілетін профилактикалық тексеру кезінде анықталады. Автокөліктен шығатын ластаушы заттар нормативтерінің сақталуын Экология департаменттері газталдағыш "Автотест", "Мета-01", т.б. өлшеу құралдары арқылы тексереді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу