Аудан әкімдерін сайлауға 120 млн теңге бөлінді

Ал олардың үгіт-насихат жұмыстарына 500 мың теңгеден берілмек. 

Аудан әкімдерін сайлауға 120 млн теңге бөлінді Фото: alataunews.kz

Биыл елімізде алғаш рет 45 аудан мен қаланың әкімдері тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы сайланбақ. Олардың қатарында Павлодар облысындағы үш аудан да бар, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

5 қараша күні аудан және қала әкімдерін сайлау өтеді. Павлодар облыстық мәслихаты бұл саяси науқанға өңірдегі Ақтоғай, Железин және Шарбақты аудандарын қосты. Бұл аудандарға қарасты 91 елді мекенде барлығы 46 мыңнан астам адам бар. Олардың 32 мыңы сайлау күні дауыс беріп, өз таңдауын жасай алады. Ол үшін барлығы 87 сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады. 

Қазіргі уақытта кандидаттарды ұсыну процесі жүріп жатыр. Айта кетейік, талапқа сәйкес саяси партия бір сайлау аумағында тек бір кандидат ұсына алады. Бірақ әзірше партиялардың ешқайсысы өз үміткерлерін анықтаған жоқ. Есесіне Ақтоғай және Шарбақты аудандарында бір-бір кандидат өзін-өзі ұсынды. Әкім атануды қалайтын азаматтар саяси додаға осы жолмен түсуі үшін алдымен сайлау аумағындағы дауыс берушілердің кемінде 1%-ының қолдауын жинауы керек. Содан соң ғана өз кандидатурасын ұсынуға мүмкіндік бар. Үміткерлерді ұсыну 5 қазан күнгі сағат 18.00-ге дейін жалғасады. Одан соң кандидаттарды тіркеу басталмақ. 

Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолова кандидаттарды тіркеу алдында қойылатын талаптарды да атап өтті. Алдымен үміткерлер 350 мың теңге көлемінде сайлау жарнасын төлеуі тиіс. Егер кандидатты саяси партия ұсынса, онда бұл сома сол ұйымның "қалтасынан" шығуы керек. Егер сайлау қорытындысы бойынша кандидат 5%-дан артық дауыс жинаса, ақшасы кері қайтарылады. Одан аз болған жағдайда жарнасы кері берілмейді. Сонымен қатар, кандидат да, оның жұбайы да декларацияны тапсырғаны туралы анықтаманы ұсынуға міндеттеледі. Содан соң ғана ол аудан әкімі сайлауына үміткер ретінде тіркеуден өте алады. 

"Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін сайлау қоры ашылмайды. Бұл дегеніңіз – кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын тек жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жүргізе алады деген сөз. Бұл мақсатқа әр кандидатқа 500 млн теңгеден бөлінеді", - деді Гүлнар Аманжолова. 

Жалпы, үш аудандағы әкім сайлауын өткізу үшін жергілікті бюджеттен 120 млн теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу