Аудан әкімінің ісі неге тоқтатылды?

9731

Әдеп нормаларын бұзу әрекетіне қатысты дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына байланысты тәртіптік іс тоқтатылды.

Аудан әкімінің ісі неге тоқтатылды?

Жуырда Қазалы ауданының әкімі М.Ергешбаев жайында жұрт сенгісіз қаңқу бейнеролик әлеуметтік желіде тарап кетті.

Бейнероликтің аржағындағы адамның сөзіне сенсек, әкім әлдебір аста-төк отырыста қарамағындағы қызметкерімен жаға жыртысуға дейін барған, онан соң суық қару қолданған-мыс. Роликте дастархан басындағылар түсірілмесе де астарында сол елдің белді руынан шыққан ақсақалға тіл тигізгені айтылады. Оның арты ушығып, пышақ сілтеуге барған-мыс. Оқиға орнына келген полицейлер болса бұл іске қатысты істі тіркемеген боп шығады. Кейіннен бұл ролик желіден жоғалып кетеді.

Осыған орай Әдеп жөніндегі кеңесі аудан әкіміне қатысты қозғалған тәртіптік істі қарады. Кеңес мүшелері қызметтік тергеп-тексерудің материалдарын жіті қарап, Қазалы ауданы әкімінің әдеп нормаларын бұзу әрекетіне қатысты баға беруге дәлелдемелердің жеткіліксіз болуына байланысты тәртіптік істі тоқтату туралы шешім қабылдады.

Бұдан кейін облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Б.Тлегеновтің және осы департаменттің бас мамандары О.Искендиров пен А.Шамкеновтің тәртіптік істері қаралды.

Онда лауазымды тұлғалардың әрекеттері құқықтық жағынан бағалана отырып, Б.Тлегеновке Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік шара көру ұсынылса, О.Искендировке мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін "қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" жазасын қолдану туралы шешім қабылданды. Ал, А.Шамкеновке қатысты қозғалған тәртіптік іс тоқтатылады.

Мұнан басқа Кеңес отырысында Жалағаш, Жаңақорған және Сырдария аудандарының 9 мемлекеттік қызметшісіне қатысты осы кезге дейін Әдеп жөніндегі кеңес шешімдері негізінде қолданылған тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алу туралы ұсыныстар қаралды. Дауыс беру нәтижесімен тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алуға келісім берілмеді.

Әдеп жөніндегі кеңесте қабылданған шешімдер рәсімделіп, тиісті органдарға жолданбақ.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу