Аудандық аурухана 3 жылдан бері фармацевтердің қаржысын бермей келген

1292

Бүгінде кәсіпкерлер 29 млн 491 мың теңге қаржысына қол жеткізді.

Аудандық аурухана 3 жылдан бері фармацевтердің қаржысын бермей келген

Қызылорда облыстық Кәсіпкерлік палатасына 3 ай бұрын шағымданып келген 5 кәсіпкердің мәселесі оңтайлы шешілді. 2017 жылдан бері көрсеткен қызметтеріне қаражаттарын ала алмай жүрген кәсіпкерлердің 110 млн теңгесінің 29 млн-ы қайтты. Кәсіпкерлік палатасы мен облыстық прокуратураның бірлескен жұмысы арқасында кәсіпкерлердің қалған қаржысы да толық төленетін болды.

Кәсіпкерлер палатасының заңгері Салават Құлмаханның айтуынша, фармацевт кәсіпкерлер ауруханаға қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізіп беру қызметтерін көрсетіп келген.

"Өткен жылдың желтоқсан айында Кәсіпкерлер палатасына аймақтағы бірқатар фармацевтика саласындағы кәсіпкерлерден көрсеткен қызметі үшін қаражатын толық ала алмай жүргендігі жөнінде, құқықтық қолдау көрсетуді сұраған өтініштер түсті. Кәсіпкерлер палатасының заңгерлері мәселені жан-жақты зерттеп, облыс прокуроры Нұрлан Бижановпен кездесуде бизнес өкілдерінің мәселесін көтерді", - дейді заңгер.

Зерттеулерде көрсетілгендей бұл қарыз кеше-бүгін қалыптасқан шығын емес, алды 2017 жылдан бастап жинақталып қалған екен. Қазалы ауданаралық ауруханасы фармацевтика саласындағы 5 кәсіпкерге 110 млн теңгеден астам қарыз болып шыққан. Ал олар көрсеткен қызметтеріне көк тиын ала-алмағасын Палатаға арызданған.

"Мемлекеттік мекемеге дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдарға бюджеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Бірақ қаржы нысаналы мақсатына жетпей, кәсіпкерлерге қиындық тудырған. Олар да көрсететін қызметтеріне қажетті құрал-жабдықтар мен дәрілерді алдырту үшін қаржысын толық төлейді. Ал аурухана тарапынан қаржының уақытылы төленбеуі фармацевтика саласындағы компаниялардың тұрақты жұмыс орнын сақтап қалуда, еңбекақыларды уақытылы төлеуге кесірін тигізеді. Облыс прокуроры Н.Бижановқа мәселені өз бақылауына алып, септігін тигізгені үшін алғысымызды білдіреміз", - дейді бизнес-омбудсмен аппаратының облыс бойынша сектор меңгерушісі С.Құлмахан.

Бүгінде кәсіпкерлер 29 млн. 491 мың теңге қаржысына қол жеткізді. Аурухана басшылығы қалған 80 млн. 708 мың теңге қарызды жыл соңына дейін төлеп беретіндігіне уәде берген.

Өңір фармацевтерінің мәселесі Кәсіпкерлер палатасы үшін әлі де күн тәртібінде. Палата заңгерлері сала кәсіпкерлеріне құқықтық сүйемелдеу жұмыстарын жалғастырады.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу