Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының жүзеге асырылуын бағалау және оған сыртқы талдау жасау жөніндегі арнайы бақылау тобының мүшесі Артур Нығметов өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды abctv.kz.
Артур Нығметов өзінің әлеуметтік парақшасында топ мүшесі ретінде оған денсаулық сақтау мәселесіне жетекшілік ету тапсырылғанын жазған. Осыған орай ол Батыс Қазақстан облысының медициналық мекемелеріне талдау жүргізуді бастаған.
"Кеше Дарьинск кентіндегі Зеленовский ауруханасына бардым. Бұған дейін арнайы бақылау тобы мүшелерінің жасаған ескертуі жойылған, емделушілерге арналған ақпараттық материал жеткілікті", - деп жазды Артур Нығметов.
Ол бюджетті ұтымсыз пайдалануға мән беріпті. Мәселен, медициналық мекеменің директоры үшін 8 млн 390 мың теңгеге жаңа кроссовер сатып алынған.
"Зеленовский аудандық ауруханасы шаруашылықты жүргізу құқындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын, яғни олар ақылы қызмет көрсете алады, соның есебінен көлік сатып алынған. Бұл ретте аурухана директоры "Қазақтелеком" АҚ филиалының ғимаратынан ауруханаға дейін талшықты-оптикалық желіні тарту үшін 5 млн теңге көлемінде қосымша қаражат керек екенін айтып шағымданып отыр. Интернет тарту сияқты шешілмей жатқан маңызды мәселелер бар кезде қымбат кроссовер сатып алу қаншалықты қажет болды деген сұрақ туындайды", - деп жазады Артур Нығметов.
Бақылау тобының басшысы әлеуметтік желі парақшасында БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы Қанат Төсекбаевтан аудандық аурухана басшысы Ғабитжан Ислямов өзінің қызмет бабын асыра пайдаланып отырған жоқ па деп сұрады.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бұл жағдайға қызметтік тексеріс жүргізілгеннен кейін түсініктеме берілетінін айтты.