Туыстарыңыздан 1 млн теңге түссе, уайымдамаңыз

562

Бұл туралы 2025 жылғы 3 маусымда Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлімдеді.  

Туыстарыңыздан 1 млн теңге түссе, уайымдамаңыз Фото: forbes.kz

Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтар арасындағы аударымдарды бақылауға қойылған 1 миллион теңге шегінің не себепті енгізілгенін түсіндірді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Қазақстанда қарапайым азаматтар арасындағы ақша аударымдары бақылауға алына бастады.

Егер сіз 3 ай ішінде басқа адамдардан жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асатын ақша алсаңыз, мемлекет бұл қаржының қайдан келгенін және сіз немен айналысып жатқаныңызды сұрауы мүмкін.

Мұндай жағдайда адам заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жатыр деп күдіктеліп, тиісінше салық төлеуден жалтару фактісі тексерілуі мүмкін.

"1 миллион теңге – бұл 3 дәйекті күнтізбелік айдағы сома. Айына шамамен 330 мың теңге. Бұл сома Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдерімен аударымдар туралы репрезентативтік деректер негізінде белгіленді. Олар бұл соманы қауіпсіз деп есептейді. Бұл шешім Экономикалық саясат кеңесінде қарастырылды. Мұндай бастама көтеріліп, шешім әлі де талқылану үстінде. Менің ойымша, бұл біздің органдар тарапынан дұрыс шешім", – деді Дәурен Кеңбейіл.

Оның сөзінше, осы шектен асқандар салықшыларға аударым қайдан түскенін түсіндіруі керек.

"Егер кәсіпкерлікпен айналыспасаңыз, ақша туыстарыңыздан түскенін түсіндіресіз. Сонда сізге ешқандай сұрақ қойылмайды. Аударымдарды белсенді түрде пайдаланатын адамдар тексеріледі. Аударым кәсіпкерлік қызметтен емес, туыстардан түскенін дәлелдесеңіз, ешқандай сұрақ туындамайды. Бұл жасырын аударымдарды көлеңкеден шығару үшін қолға алынып отыр. Осыны түсінуіміз керек. Мұның барлығын адал салық төлеушілеріміз үшін істеп отырмыз. Егер сіз мұны адал жасасаңыз, онда ешқандай сұрақтар болмайды. Мұндағы мақсат – жосықсыз кәсіпкерлерді көлеңкеден шығару. Егер адал болсаңыз, аударымдарыңыз кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ болса, онда оны дәлелдеп шыға аласыз", – деп сендірді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу