Әуе апатынан зардап шеккен 27 адам Алматы стационарларында ем қабылдауда

746

Жалпы алғанда дәрігерлер 22 ота жасаған. 

Әуе апатынан зардап шеккен 27 адам Алматы стационарларында ем қабылдауда

Әуе апатынан зардап шеккендердің жағдайы жақсаруда, деп хабарлады Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев бүгін мегаполисте өткен баспасөз мәслихатында.

"Бүгінгі күні Алматы қаласының стационарларында 27 адам ем қабылдауда. Оның жетеуі бала. Алматы көпбейіндік клиникалық ауруханасының жан сақтау бөлімінде бір адам жатыр. Барлық зардап шеккендердің, соның ішінде оңтүстік астана ауруханаларының жан сақтау бөлімінде жатқан науқастардың жай-күйі бір қалыпты",– деді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар ол әуе апатынан зардап шеккен үш адам қосымша ем алу үшін санитариялық авиация арқылы Нұр-Сұлтан қаласының Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жеткізілгенін айтты. 

Ал жалпы алғанда апаттан жарақат алғандар саны 69 адамға жеткен. Оның 9-ы бала. Бүгінгі күнге дейін дәрігерлер 22 ота жасаған. 

"Барлық жүргізілген операциялар сәтті өтті. Оның ішінде екі балаға Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының травматологтары заманауи емдеу әдістерін қолдана отырып, кесусіз "оң сан сүйегінің иілгіш өзекшелерімен остеосинтезі" операциясын жасады. Мұндай ем шарасының артықшылығы – отадан бірнеше күн өткеннен кейін сынған аяқ-қолдың қалпына келуі",– деді басқарма басшысы. 

Қазіргі уақытта Алматы мен Нұр-Сұлтанның стационарлары мен ауруханаларында 30 адам ем қабылдауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу