Әуе экипажы мен жолаушылардан Covid-19 инфекциясы табылған жоқ

1063

Әуежайларда санитарлық бақылау бұрынғыша сақталады.  

Әуе экипажы мен жолаушылардан Covid-19 инфекциясы табылған жоқ

"Өздеріңіз білетіндей, 1 мамырдан бастап Нұр-Cұлтан-Алматы бағытындағы әуе рейстерінің қызметі жанданды. Өскемен, Семей, Қызылорда, Петропавл қалаларына ұшақ ұшатын болды. Бүгіннен бастап Президенттің шешімімен 
Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Тараз, Талдықорған қалаларына әуе рейстері ашылды", – деді Ералы Тоғжанов үкіметте өткен 
онлайн баспасөз мәслихатында. 

Вице-премьер қоғамда әуе көлігінде Covid-19 инфекциясына ПТР тесттен өту міндеттілігі жөніндегі талап қызу талқыланғанына тоқталды. 

"Бүгіннен бастап бұл талап алынып тасталды. Себебі ауқымды скрининг 
аяқталып қалды. Ел аумағында коронавирус инфекциясын анықтау бойынша 400 мың тест алынды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл бастама нақты көріністі анықтауға және қазақстандықтарды емдеу кезінде тиісті шара қолдануға мүмкіндік берді. Дегенмен санитарлық бақылау бұрынғыша сақталады. Жолаушылардың дене қызуын тексеру, ұшақ ішінде арақашықтық сақтау, ұшаққа мінгенде және ұшақтан түскенде маска кию міндетті болады", – деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1-10 мамыры аралығында жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша әуе кемесімен ұшып келген жолаушылар, әуежай қызметкерлері мен әуе кемесінің экипаждары арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру оқиғасы тіркелген жоқ. Осыған байланысты 11 мамырдан бастап жолаушылар, әуежай қызметінің өкілдері және экипаж үшін Covid-19 инфекциясына ПТР тесттен өту міндетті талабы алынып тасталды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу